Ақмола облысында мал терісі далада шашылып жатыр

Елімізде тері өңдеу ісі тұралап тұр. Салдарынан мал терісі далада шашылып жатыр. Ақмола облысында жыл сайын 100 мыңдаған бас ірі қара сойылады. Содан шыққан терінің барлығы дерлік қоқысқа кеткен. Осы жағдайға байланысты ауыл жұрты дабыл қағып, арнамызға шықты, деп хабарлайды Хабар 24.

Зеренді ауданының Заречное ауылында тұратын Табылды Тезекбаев мал терісінің қазір ешкімге керексіз боп далада шашылып жатқанына қынжылады. Кезінде ол біраз кәдеге жарайтын. Әрі оны өткізіп, бірқатар шығындарымызды жабатынбыз. Ал бүгінде ол пайда емес, қоқысқа айналып, зиян боп отыр, – дейді, шаруа.

Табылды Тезекбаев, Заречный ауылының тұрғыны:

– Ауылшаруашылығы басқармасының мәліметіне қарасақ, 151 мың тонна ет өндірілген екен биылғы жылы. Соның есебіне қарасақ, әрбір тоннаны өндіру үшін 6 бас қара мал сойылады. Сонда 151 мың тонна еттің 6 басқа көбейтсең, пәленбай мың қара бас малдың терісі далада қалып отыр. Өйткені ол малдың терісін алатын ешкім жоқ.

Иә, теріні ешкім алмаған соң қазір ауылдардың маңайы мал терісіне толып кеткен. Бұл тұрғындардың кәдімгі бас ауруына айналды.

Табылды Тезекбаев, Заречный ауылының тұрғыны:

– Қыс болған соң терілер қатып жатыр. Ертең жаз келгенде ол терілер ериді, сасиды. Ауылдың маңайында бүкіл антисанитария болады. Санитарлық бақылау комитеттеріне ол үлкен мәселе туғызады. Аурулар шығады әр түрлі.

Терінің құнсыз боп қалуы мал шаруашылығымен айналысатындарға да оңай соғып отырған жоқ. Мәселен, Руслан Шадиев 100 бас қой, 20 бас ірі қара ұстайды. Кәсібі осы болған соң күнара мал союға мәжбүр. Ал терісін қайда жіберерін білмейді.

Руслан Шадиев, жеке кәсіпкер:

– Тері алатын орын болса, біз тапсырар едік. Бірақ ондай жер жоқ. Сондықтан амал жоқ далаға тастаймыз. Ауылдың бәрі дәл осылай жасап отыр.

Ал мәселеге жауаптылар елімізде тері өңдеу кәсібінің тұралауына бірқатар факторлар әсер етіп отырғанын айтады. Оның ең бастысы мал терісіне сараптама жасайтын республикалық ветеринарлық зертхананың уақытша жабылуы, - дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері.

Данияр Қалымов, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім жетекшісі:

– Егер бүкіл республикадағы жағдайға қарайтын болсақ, қазір елдегі тері өңдейтін санаулы кәсіпорын небәрі 40 процентке жұмыс істеп отыр. Яғни шикізатқа сұраныс жоқ. Біз бұл мәселені бірнеше рет көтердік. Ауыл шаруашылығы министрлігіне тері өңдеумен айналысатындарға субсидия берілсе деген ұсыныс та жасадық.

Ал ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері теріні кәсіп қылғандарға субсидия беру заңнамада қарастырылғанын жеткізді. Тері өңдеу фабрикасын салған кәсіпкерге шығындарының 25 процентін мемлекет өтеп береді екен. Алайда бұл қыруар қаржыны қажет ететін және тәуекелі көп шаруа болғандықтан инвесторлар бұған бара қоймайды, – дейді мамандар. Дегенмен тері сапалы болса, оны шет елдерге өткізуге мүмкіндік бар екенін айтады.

Қайрат Көшенов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім жетекшісі:

– Экспорт ашылды. Биыл Ресей нарығына облысымыздан 6 мыңнан аса тері жіберілді. Атап өтсек, осы Көкшетаудан және Бурабай ауданынан. Ет өңдеу кәсіпорнынан шығып отыр. Көбінесе ауылда сойылған малдардың терілері сапасы сын көтермейді. Өйткені тесіліп қалатындар болады және тері аурулары болады. Сондықтан ондай терілерді экспортқа жіберу мүмкін емес.

Осылайша, ауылда сойылған малдардың терісін кәдеге жарату мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Мамандар мұны шешу үшін осындай жеңіл өнеркәсіппен айналасытандарды ынталандыру жағын жоғарғы жақта қарастыру керектігін айтады. Себебі тері өңдеу кәсіпорындары түрлі қиындықтарға тап болғандықтан жабылып тынған.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко, Виктор Полянный