Маңғыстау облысында жем-шөп нарыққа 15% төмен бағамен сатылымға шығарылды

Облыста қысқы қорға жиналған мал азығы төмен бағамен сатылымға шықты. Шөптің 1 келісі 65, кебектің келісі 95 теңге тұрады, деп хабарлайды Хабар 24.

Көрші Ақтөбеде малы көп немесе жайылымы жарамсыз күйге түскен шаруаларға мемлекеттік қордан бос жатқан жер берілді. Ал Сыр өңірінде биыл 534 мыңнан астам түлік қыстауға түсті. Бұл аймақта жем-шөптің межелі мөлшерінің 81 проценті жиналған.

Фермер Қадырғали Мәдиев жаз мезгілінде бірнеше ірі қарасын жоғалтты. Қазір қолда бар түлікті қорадан шығармай, бағып отыр. Үкіметтен аналық мал басына берілетін бір реттік көмекті алғанын айтады. Жаз бойы арзан бағада ұсынылған мал азығын сатып алып, қысқа қор жинаған.

Қадырғали Мәдиев, фермер:

– Аздап артық қорым бар. Әлде де алғымыз келеді. Елге жаңағыдай әкімдік көмегімен, үкіметтің көмегімен арзандатып берсе, 1 жолғы көмекті қайталаса, қыстан шығатын шығармыз деп ойлаймын.

Қуаңшылық кезінде аймақта 1 мыңнан астам мал қырылғаны мәлім. Үкімет резервінен бөлінген 1,9 млрд теңгенің 1 млрд 248 млн-ы 7,5 мың шаруа қожалығына бір реттік көмек ретінде берілді. Сондай-ақ әр облыстан еріктілер жіберген мал азығы 41 оператор арқылы малшыларға үлестірілді. Күн суытқанға дейін Атырау, Оралдағы шабындық жерлерге 15 мыңдай мал айдалды. Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облысында 130 мың гектар аумақта шөп шабуға рұқсат берілді.

Талғат Исламұлы, тілші:

– Малшылардың қиын жағдайдан шығуына қазақстандықтар жұмыла көмектесті. Соның бір нәтижесі мынау. Ақшұқыр ауылындағы жем-шөп базасында 20 мыңнан астам түк және әрқайсы 350 келілік 60 дана рулон шөп бар. Қуантарлығы, мұндай базалар өңірдің барлық ауданында, әр аудандағы бірнеше елді мекенде шоғырланған.

Өңірдегі әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жем-шөп сатып алуға 204 млн теңге қаралды. 150 млн теңгесіне шөп, 54 млн теңгеге арпа алынып, төмен бағада сатылды. Сондай-ақ облыс бюджетінен 2,1 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға 70 мың тонна шөп және 45 мың тоннадан астам жем сатып алынды. Қазір қысқы қордан мал азығының бір бөлігі сатылымға шығарылды.

Қазбек Тәшімов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Операторларға шекті баға белгіленді. Яғни айтатын болсақ 1 кг шөпті 65 теңгеден асырмауға тиісті. Сонымен қатар жемнің бағасын, кебектің бағасын 101 теңгеден артық сатпауға тиісті. Күні бүгінге одан да арзан сатылып жатқан жағдайлар бар. 20 килограмдық кебек 1900 теңгеден, яғни 95 теңгеден сатылып жатыр.

Құрғақшылық Ақтөбе облысын да айналып өтпеді. Шұғыл шаралар қабылдаудың арқасында төрт түлік басы түгел сақталды. Малы көп шаруа қожалықтарына бос жатқан жерлер берілді. Қысқа жем-шөп жинауға жұмсалған шығындар құнын төмендету үшін аймақ бюджетінен 7,3 млрд теңге бөлінді. Малшыларға арзан бағада 1,5 тонна дизель отыны берілді. Ал Сыр өңірінде 534 мыңнан астам мал басы қыстауға түсті. Мал азығы қорын дайындау үшін Үкімет резервінен 1,7 млрд теңге бөлініп, 827 шаруашылық қаржылай қолдауға ие болды.

Қайратбек Сәрсенбаев, ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Ірі қараның басы 50 бастан асқан жағдайда төленетін. Ережеге өзгеріс енгізе отырып, 30 бастан асқан жағдайда төлейтін қылдық. Ірі қараның аналық басына 30 мың теңге берілетін болса, көбірек қамту мақсатында біз 15 мың теңгеден алайық деген ұсыныстар болды. Сөйтіп 15 мың теңгеден болғанымен, оның есесіне шаруалардың саны артты.

Биылғы қуаңшылықтың баршаға ортақ сын болғаны анық. Халық бірлігінің арқасында оны да еңсердік. Енді мақсат – төрт түлікті қытымыр қыстан аман алып шығу. Осы мақсатта өңірлерде мал азығы қорын жинақтау әлі де жалғасып жатыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Александр Убейкин