Халықтың құрметі жетіп жатыр – Қ.Талапқазы

Құрметке құрмет. 2021 жылы ел назарын аударған жастар көп. Солардың қатарында Құрмет Талапқазының есім-сойы ерекше аталады. Талабы биік, жігерлі жігіт қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға мал азығын жөнелткені ел есінде қалды. Игі бастамасын бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қараша жұрт әп дегеннен қолдау көрсетті, деп хабарлайды Хабар 24.

«Батысымда мал қырылып жатқанда, үйде тыныш жата алмадым». Құрмет Талапқазыны қол қусырып отырғызбаған осы жанашырлық еді. Бастамасын тек сөзбен емес, іспен де құптай жөнелген қатарластары күрт көбейді. Айналасына игі жақсыларды жинай білді. Білек сыбана шөп орған ағайын техника тапшылығына қарамастан, төрт түлік азығын қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстау және Қызылорда облыстарына бірнеше мәрте тегін жөнелтті.

Халық құрметінің өзі жетіп жатыр, – дейді кейіпкеріміз. Өйткені ел батасын алудан асқан бақыт бар ма? Бірақ жуырда бір топ белсенді азаматқа баспана сыйлап қуантты. Жігіттің ендігі арманы – шекара асып, бірнеше жыл бойы көрмеген анасымен кездесу.

Мұратбек Солтанбай, волонтер:

– Менің өзімнің ойым, маған негізі айтқан емес. Ата-анасын сағынады ғой бәрібір. Қазір осы жұмысты бітірсек, сол ел болып, жер болып осы баланың ата-анасын көшіріп келсек. Соған бір атсалыссақ деген ойым бар өзімнің.

Бүгінгі күннің батырлары қатарында Шығыс Қазақстан облысының тумасы Ақжан Аңсағанов та бар. Ол АҚШ-тың Гавайи аралдарында көпірден секірмек болған бейтаныс әйелді құтқарып қалды. Қазақ баласының ерлігіне тәнті болған штат басшысы 8 қарашаны Ақжан Аңсағанов күні деп жариялап, ресми түрде бекітті.

Ақжан Аңсағанов, Гавайи штатының тұрғыны:

– Мен жай ғана өз жұмыстарыммен кетіп бара жатқанмын. Қарама-қарсы жақта 35-40 жас шамасындағы бір әйел өтіп бара жатыр екен. Оның жылап бара жатқанын байқадым. Бір қарасам, жаңағы әйел көпірден секірейін деп жатыр. Шынымды айтсам, басыма әртүрлі ой келді. Оның үстіне бөтен елде жүрмін. Бірақ бұл адамның өмірі ғой. Сол себепті еш ойланбастан оны құтқарып қалайын дедім. Сөйтіп бірден іске көштім.

Ал 4 баланы өрттен құтқарған қостанайлық жеткіншек Олег Пирогқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғыс хат жолдады. Мемлекет басшысы «жас бола тұра, сен нағыз батылдық пен ерліктің үлгісін көрсеттің, ойланбастан көмекке келдің, үлкен қайғы-қасіретке жол бермедің», – деп жылы лебізін білдірді. Президенттің алғыс хатын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов табыс етті. Демалыс күні 5 сынып оқушысы Олег Пирог басын қатерге тігіп, жанып жатқан үйден балаларды алып шыққан. Осы ерлігі үшін ол Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қайсарлығы үшін медалімен марапатталып, анасы Валентина Пирогқа алғыс хат табысталды. Жеткіншектің отбасына жергілікті зауытта құрастырылған автокөлік сыйға тартылды.

Олег Пирог, оқушы:

– Үйімізде 3 машина тұр. Бірақ бәрі ескі жүрмейтін көліктер. Кейде әкем екеуміз олардың қосалқы бөлшектерін алып, кәдеге жаратамыз. Жаңа көлік сатып алу отбасымыздың арманы болатын. Сондықтан бұл сыйлық біз үшін аса бағалы.

Қарағандының «Абай» шахтасында болған жарылыс кезінде дереу электр қуатын өшіріп, эвакуация арқылы әріптестерін құтқарып қалған кезекші диспетчер де мақтауға тұрарлық қырағылық көрсетті. Үкімет бұл жағдайды да назардан тыс қалдырмай, маманды марапаттап үлгерді. Бейбіт күннің басқа да батырлары өте көп және олардың әрқайсысы қандай марапатқа болса да әбден лайық.

Авторы: Мирлан Алтынбек