Қар барысының саны артты

Алматы облысындағы «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағын 20 шақты қар барысы мекендейді. Бұл үш жыл бойы фототұзақтың көмегімен жүргізілген зерттеу нәтижесінде белгілі болды. Бейнежазба арқылы мамандар көзге сирек түсетін ілбістің тіршілік ететін аумағын анықтады. Парктың ғылыми қызметкерлері жазда орнатқан құрылғыларын тау етегінен алып қайтты. 

Қар барысы адам аяғы баспайтын таулы аймақта тіршілік етеді. Сондықтан оған жету оңай емес. Парк қызметкерлерімен бірге бірнеше сағат жол жүріп, биік жартастар мен қалың қарағайды тамашалай отырып ілбістің алғаш рет бейнекамераға түскен жеріне келдік. Тау тағысын зерттеп жүрген Жанарбек Молдаханның фототұзағына бұл жолы теке таспаланыпты. 

Жанарбек Молдахан, «Жоңғар Алатауы»  МҰТП Аға ғылыми қызметкері:

- Текелер осы жерді тұрақты мекендейді. Текелердің мекендеуі бұл барыстардың азық қоры. Теке бар жерде барыс бар. Сондықтан да бұл жерді зерттеу жұмыстары жалғастырып, бір ғана барыс деп есептемей бірнеше барысты фототұзаққа түсіру мүмкіндігіміз болады деп есептеймін. 

Парк аумағына 30-ға жуық бейнекамера орнатылған. Бейнежазба арқылы қар барысы жайлы мол мағлұмат жиналды.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Бірнеше жыл бойы зерттеу жұмыстарын жүргізген парк қызметкерлері барыстың дәл осы біз тұрған Сарқан және Ақшұнақ шатқалдарының түйіскен жерімен жүретінін дәлелдеген. Бейнежазбаға және қар бетіне түскен ізіне қарағанда ол жемтігінің соңынан теріскейден күнгейге қарай өтіпті. Негізінен барыс теңіз деңгейінен 2500 метр биіктіктегі таулы аймақты мекендейді екен.

Асқар тауларды кезіп жүріп қойылған бейнекамерадағы жазбалар мен фотоларды қызметкерлер мекемеге келген соң компьютерге көшіреді. Машақаты мен ауыртпалығы мол жұмыс мұнымен бітпейді. Олар барыстарды теңбілі арқылы салыстырып, санын есептеп шығарады. Мәліметтер негізінде ғылыми жұмыс та жазылған.

Жанарбек Молдахан, «Жоңғар Алатауы»  МҰТП Аға ғылыми қызметкері: 

- Юрий Александрович Грачев деген кісінің зерттеулері бойынша Жоңғар Алатауы қазір Жетісу Алатауы дейміз қазір аумағында қырық-елу барыс мекендейді деп шыққан. Жоңғар Алатауы паркі Жетісу Алатауына үштен бір бөлігін ғана алып жатыр. Соңғы зерттеу бойынша 15-20 барысты нақты парк аумағынан анықтадық. Көп кездескен аумақтары Тастау, Арқанкерген, Мыңтеке деген жерде тұрақты кездеседі. 

Барыс топтаспай жеке жүретін епті, айлакер, қайратты әрі өте қырағы аң. Сондықтан көзге көп түсе бермейді. Он жылдан аса қызмет еткен мамандардың өзі оны бер рет ғана көріпті. Ілбіске қарағанда аюдың жүрген жерін табу әлдеқайда оңай, дейді олар. 

- Мынау аюдың тырнақтарының іздері. Мына жерде бізде стол болған. Сол столды аю біренеше рет жұлып лақтырып жіберген. Біз қайтадан қоямыз. Аю екі-үш күнде келіп қайтадан сол столды жұлады. 

Халқымыз барысты киелі аңдардың қатарына жатқызады. Өйткені оның болмысы бөлек. Өлексені жемей өзі аулаған жануардың ғана етімен қоректенеді. Бұдан басқа да қасиеттері жетерлік.

Шыңғыс Қалиден, тілші: 

- Барыс батыл болғанымен өзге аң-құсқа көпе-көрнеу азу көрсетіп, тырнақ батырмайды деседі. Текті аң таулы аймақта тыныштықта тіршілік еткенді жақсы көреді. Сондықтан келе жатқан барыс жылында ат төбеліндей аз ғана халқымыздың тыныштығы бұзылмай, ынтымақ-берекесі артып, туған еліміздің тұғыры биік болсын деп тілейміз. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев