Мемлекеттік сатып алу порталында небір қызық лоттар жарияланады

Солтүстік Қазақстан облысында 2021 жылы мемлекеттік сатып алу саласында 1 млрд теңгенің заң бұзушылығы анықталды. Ішкі мемлекеттік аудит департаменті қызметкерлерінің айтуынша, олардың басым бөлігі келісім-шартты еш байқаусыз жасасуға байланысты болып отыр. Жалпы салықшылардың, яғни біз бен сіздің ақшамыз қалай игеріледі?

Мемлекеттік сатып алу порталында небір қызықты лоттар жарияланады. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы Жамбыл ауданы әкімінің аппараты 526 мың теңгенің қымбат планшетіне тапсырыс берген. Әлеуметтік желіде қызу талқыланған байқау бірден жойылды. Осы секілді халық «керегі жоқ» дейтін сатып алулар өте көп. Міне тағы біреуі:

Руслан Асаубаев, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық» ҚБ СҚОФ жетекшісі:

- Петропавл қалалық мәслихаты сессияларын тікелей эфирде өткізу үшін 2020 жылы 2 млн 60 мың теңге, ал 2021 жылы 2 млн 789 мың теңге бөлген. Қып-қызыл шығын. Оны ютуб немесе фейсбук арқылы тегін ұйымдастыруға болар еді ғой!?

Руслан Асаубаев осындай орынсыз сатып алуларды жиі анықтайды. Ол «мемлекеттік қызметкерлер келісім-шартты «бір көзден», яғни еш байқаусыз тікелей жасасуға құмар», - дейді. Мәселен, 2021 жылы Солтүстік Қазақстан облысында олардың саны 2 жарым есеге артқан. 

Ердос Багенов, СҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы:

- Камералды бақылау бөлімі «бір көзден» ұйымдастырылған жалпы сомасы 959 млн теңге болатын 478 мемлекеттік сатып алудан заң бұзушылықтар анықталды. Олар бойынша жауапты мекемелерге құжаттар жіберілді. Осыған жол берген қызметкерлер жауапқа тартылды.

2021 жылы қазақстандықтарды Түркістан театрының спектаклі таңқалдырды. «Бөрте» қойылымына 246 млн 750 мың теңгенің тендері жарияланған. Келісім-шарт тағы да байқаусыз тікелей жасалды.  

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов