Пандемиядағы пайдалы істер

Өткен жыл пандемия, вакцина, шектеулер, маска, QR код сынды сөздермен ел есінде сақталып, тарих қойнауына аттанып барады, деп хабарлайды Хабар 24.

Осы уақыт аралығында қатынас тоқтады, шекара жабылды, жасырын той жасады деген ақпарат та көп тарады. Есесіне жұрт ағайын-туыстың, денсаулық пен еркіндіктің қадірін біліп, қиын жағдайға тез бейімделуге машықтанды.

Коронавирус адамзаттың өмірін пандемияға дейін, және кейін деп екіге бөлді. Қазір қай салада болсын көрсеткішті шектеулерге дейінгі жағдаймен салыстырып сөйлейміз. Өйткені өзгеріс көп. Экономикалық тұрғыда шығын шаш етектен әрине. Бірақ цифрлық технология саласынан қарасақ, пандемияның пайдасы мол. Шектеу бұл саланың дамуына қамшы болды. Желіде отырып, жұмыс істеудің түрлі тәсілі жасалды.

Бекболат Молдабеков, ҚР ЦДИАӨМ мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары:

– Бәріміз біраз уақыт үйде отырып қалдық. Сол кезде электрондық құжаттарды алу керек болды. Электронды қызметті алу үшін электронды қолтаңба керек. Бұрын да азаматтарымыз ХҚКО-ға барып, сол жерден ЭҚТ алып, үйлерден мемлекеттік қызметті алатын. Енді бәріміз үйде отырып қалғаннан кейін сол сұрақты шешіп, электронды қолтаңбаны үйде отырып алатындай етіп жасау керек болды.

Иә, әр сынақтан бір сауап. Осылайша мемлекеттік қызмет саласында электронды түрде көрсетілетін қызметтің үлесі 83 тен 91 процентке жетті. Тіпті мобильді қосымша жасалып, барлық қызметті смартфонмен-ақ алуға мүмкіндік туды. Анықтамаларды беру уақыты қысқарды. Оған қоса құжаттардың да цифрлық нұсқасы әзірленді.

Бекболат Молдабеков, ҚР ЦДИАӨМ мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары:

– Менде Egov mobile қосымшасы бар. Сол жерде менің бүкіл құжаттарым бар. Осы бесінші қыркүйектен заң іске қосылды. Менің жеке куәлігім. Осы жеке куәлікпен мен әуежайдан, вокзалдан ұшып кете аламын. Яғни маған пластик құжат керек емес. Бұл жерде 18 құжат бар.

Пандемия білім беру саласына да көп реформа әкелді. Дәстүрлі оқу тоқтап, оқушылардың барлығы үйден білім алды. Ол үшін электронды оқу платформалары әзірленіп, теливизиялық сабақтар түсірілді. Соның көбі қазір де оқу процесінде қолданылып жүр. 

Сапура Төлекова, ҚР БҒМ мектепке дейінгі және жалпы орта білім комитеті төрағасының орынбасары:

– Үлкен трансформация болды. Бұл ең бірінші осы процеске қатысушы балалардың өзінде үлкен трансформация, мұғалімдерде және басқарушы тарапында. Барлық мұғалімдер сол уақытта үлкен бір дайындықтан өтті. Дәл пандемия кезінде сегіз негізгі платформа анықталды. Күнделік.кз «Хабар» арнасы арқылы түсірілген сабақтар орналастырылды. Бұрын күнделік тек бағалау платформасы болса кейін оқыту платформасы болып қайта жетілдірілді.

Вирус өзгерткен тағы бір дүние – сақтық пен үнемшілдік. Жұрт даңағаза жиыннан бас тартты. Жалғыз той-томалақ емес, мемлекетаралық деңгейге өтетін жиындар да азайды. Көбі онлайн өтіп, қаржы үнемделді. Психологтардың пайымынша пандемия біртіндеп адами құндылықтарды қайта оралтты. Дос, туыс, көршілер арасындағы сыйластық пен жанашырлықты жаңғыртты. Бастысы, баршамызға денсаулықтың қадірін түсіндірді.

Талғатбек Әбдіқожа