Байзақтағы жарылыс: нысандар толықтай қалпына келтірілді

Жамбыл облысында әскери қоймада болған жарылысқа қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Оқыс оқиғадан 17 адам қаза тауып, 180-ге жуық нысанға зақым келген еді. Қазір қираған үйлер, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандары толықтай қалпына келтірілді.

Бүкіл елді дүр сілкіндірген оқиғаға 4 айдан асып барады. Байзақ ауданындағы инженерлік оқ-дәрілер сақталатын әскери қоймадан өрт шығып, салдарынан 10-нан астам жарылыс болды. 17 адам көз жұмды. Қайтыс болғандардың ішінде әскерилер, прокуратура және төтенше жағдай қызметкерлері бар. Тағы жүздеген адам жараланды. Олардың жартысына жуығы – құтқарушылар. Жарылыс кезінде қоймада болғандардың бірі – Алмас Ибраев. Ол сол күні әріптестерімен кезекшілікте болған. Өрт сөндірушілер алғашқы жарылыс болған кезде-ақ дереу қауіпсіз жерге шығу керектігін түсінген.

Алмас Ибраев, қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:

– Бір есімді жисам, жанымда тұрған әріптестерімді ұшырып түсіріпті. Жанымда екі метрдей жерде жатыр. Оларды тұрғызып, өз-өздеріне келген соң үшеуміз қауіпсіз жерге қарай қаштық. Өйткені барлық жерде өрт болып жатты. Әскери қойма тікенді сым-темірмен қоршалған. Қоршауға жете бергенде тағы бір жарылыс болып, үшеуміз де ес жоғалттық.

Алмас Ибраев әріптестерінің бірін құтқарып қалды. Екіншісі өкінішке орай қаза тапты. Ал өзі қабырғасы сынып өкпесі зақымданған. Бірнеше ай ауруханада жатып, қазір қайта қатарға қосылды. Өртсөндіруші мен оның өзге де 47 әріптесі төтенше жағдай кезінде көзсіз ерлік көрсеткені үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды. Қайтыс болған батырлардың медальдары туған-туыстарына табыс етілді. Жоғалған әскери қызметші әлі де іздестіріліп жатыр. Жарылыстан 176 нысан зақымданды. Оның 159-ы – жеке тұрғын үйлер. Дүмпудің толқыны Раушан Мамытбекованың да баспанасын қиратып кетті. Жақында қайта қалыпқа келтіріліп, ауыл тұрғыны қазір жаңа жылды жылы үйде қарсы алып отыр.

Раушан Мамытбекова, Қайнар ауылының тұрғыны:

– Бәрін қырып тастады. Тек қабырға қалды. Екі айдың ішінде бітіріп берем деген, бітіріп берді. Газымызды кіргізіп берді. Көшемізді жөндеп берді. Бітпей қалған үйлер бітті. Жарық орнатылды. Газымыз жоқ еді, газ кіргізілді.

Қайрат Исмаилов, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары:

– Тұрғын үйдің 124-і шамалы зақым келуіне байланысты ол жергілікті демеушілер есебінен қайта қалпына келтірілді. 35 үй ол үкіметтің арнайы резервінен бөлінді. 260 миллион. Жібек жолы ауылындағы 5-ші орта мектеп ол пайдалануға жарамсыз, оқушыларға қауіпті болуына байланысты ол қызметін тоқтатып жаңа мектеп құрылысы басталып кеткен етін. Үшінші тоқсанда оқушылар сол жерже оқитын болады.

Қазір Байзақта жарылыстың ізі де қалмаған. Қираған үйлер жөнделіп кәсіпкерлік нысандар қалыпқа келтірілді. Ең қатты зардап шеккен Қайнар ауылы бүгінде адам танымастай өзгерген. Ауыл көшелері толықтай асфальтталып, жарықшамдар орнатылған. Қазір мамандар қауіп сейілді деп отыр. Оқ-дәрілердің қалдықтары толықтай залалсыздандырылған. Ал тергеу амалдары жалғасып жатыр. Жіті зерттеп, зерделегеннен кейін нақты ақпар хабарланбақ.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә