Кен орындарындағы апаттар

Қарағанды облысында 11 айда 192 адам өндірістік жарақат алып, 29 адам қаза тапқан, деп хабарлайды Хабар 24.

Кенді өңірде қауіпсіздік мәселесі әлі де өткір тұр. 7 қараша күні «Абай» шахтасында болған ең ірі апат ел есінде. Кенжарда қызу жұмыс жүріп жатқан кезде кенеттен газ метан тарап, 6 кенші оқиға орнында көз жұмған.

7 қараша күні сағат 08:24 минут кеткен кез. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на қарсты көмір департаментінің «Абай» шахтасында газ метан тарай бастаған. Апат кезінде шахтада 64 адам жұмыс істеп жатқан еді. Оның ішінде 8 адам кенжарда болған. Кейін белгілі болғандай, оның алтауы оқиға орнында көз жұмса, екеуі газға уланды деген диагнозбен ауруханаға жеткізіледі. Шахта басшылығы төтенше жағдай кезінде кен орнында көмір өндірісі жүргізілмегенін айтқан.

Сергей Дудкин, «Абай» шахтасының директоры:

- Таңертең жағдай тұрақты, барлық газ мөлшерін көрсеткіштер жер астындағы ахуал қалыпты екенін көрсетіп тұрған еді. Кеншілер жер астында ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Онда қажетті материалдар жеткізіліп, механизмдердің жұмысын ретке келтіру үстінде болған. Қазір оқиға болған жерде штаб құрылып, құтқарушылар жұмыс жүргізіп жатыр.

Осы оқиғадан кейін жедел үкіметтік комиссия жасақталды. Оны елдің ТЖ министрі басқаратын болды. Араға бірер сағат салып, алғашқы тексерулер төтенше жағдай техногендік сипатқа жақын екені айтылды. Ал араға 2 апта салып, комиссия апаттың нақты себебін жариялады. Ол апаттың себебін анықтау үшін тіпті шетелдік мамандар шақыртылғанын, ал олардың барлығы бірауыздан жұмысшылардың еш кінәсі болмағанын айтқан деді.

Юрий Ильин, ҚР төтенше жағдайлар министрі:

- «АрселорМитталдың» кінәсі 100 процент анықталды. Бірақ атап өтетін бір жайт бар, ол бірқатар қауіпсіздікті қатаң сақтауға ықпал ететін шаралар тек осы апат кезінде емес, біраз уақыт жүргізілмеген. Олар: техникалық-инженерлік құрамның тапшылығы, екінші, жұмыс беруші кен орындарында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізбеген, үшіншіден жұмыс беруші құрал-жабдықтарды көптен бері жаңартпаған, жаңа технологиялар енгізілмеген.

«Абай» шахтасындағы апаттан кейін қарағандылық кеншілер өндірістік компания мен облыс басшылығына бірқатар талаптар қойып, наразылықтарын білдірді. Олардың талабы 12 тармақтан тұрды. Ең негізгілері – қауіпсіз еңбек, лайықты жалақы және кен орындарындағы техникаларды жаңартып, қызметкерлер жетіспеушілігі мәселесін шешу болған. Кейін бұл талаптарды қарау үшін арнайы комиссия құрылды. Араға екі апта салып, келісім комиссиясы да алғашқы шешімдерін жария етті.

Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:

- Индексикацияны ескере отырып, шахтерлердің жалақысы қосымша 15-17% өседі. Жалақыны индекстеу әр жылдың 1 қаңтарынан бастап инфляция деңгейінен 100% көлемінде жүргізілетін болады. Желтоқсан айында көмір департаментінде өндірістік және экономикалық көрсеткіштер жоспарының орындалуына қарамастан бір жолғы 13 айлық төленетін болады. Сондай-ақ металлургтер мен кеншілерге жеңілдетілген ипотекалық тұрғын-үй бағдарламасы жасақталады.

2021 жылдың тамыз айында қайғылы оқиға Ақтөбе облысында да тіркелді. Төтенше жағдай «Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы» атындағы шахтада болған. Жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде екі жұмысшы үйінді астында қалып, біреуі қаза тапты. Ал екіншісі түрлі дене жарақатын алған. Облыстық еңбек инспекциясы жүргізген тергеу нәтижесінде өндіріс орны қауіпсіздік ережесін сақтамағандығы анықталды. Атап айтқанда жарылыс жасау алдында шахтадағы жұмысшылардың қауіпсіз жерде екендігіне көз жеткізбеген. Дүмпу болатындығы туралы тиісті ескерту құралдары қолданылмаған.

Қуаныш Камиев, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

– Арнайы құрылған комиссия жүргізген тергеу нәтижесінде жұмыс берушінің кінәсі жүз процент дәлелденді. Бұл дерекке қатысты құжаттардың барлығы құқық қорғау органдарына жолданды. Қазір іс сотта тергелуде.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратынша, қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда өндірістік жарақат алғандардың саны 10%, оның ішінде қаза тапқандардың саны 16% төмендеген. Бірақ өткен жылғы көрсеткіштер бұл бағытта кешенді жұмыстар әлі де жүргізілу керек екенін айқын аңғартып отыр дейді сарапшылар.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Мансұр Есқожин, Аслан Демесбаев