«Хабар 24» арнасының шетелдегі көрермені көбейді

Челах қай түрмеге қамалған? Ал педофильдер, маньяктар мен террористер қайда отыр? Мелонома ісін анықтау. Ковидті емдеу жолдары.

Бұл тақырыптардың қай-қайсысы да YouTube желісінде ең көп қаралым жинаған ақпарат легі. Қазір жедел жаңалық тарататын «Хабар 24» арнасының шетелдік аудиториясы қалыптасып келеді. Ал «Хабар 24» арнасының YouTube каналына жазылғандар саны 1 млн-нан асты, деп хабарлайды Хабар 24.

«Хабар 24» арнасының веб-редакциясы үшін биыл сәтті жыл болды. Мамырда арнаның YouTube-тегі көрермендерінің саны 1 млн-ға жетіп, «алтын батырмаға» қол жетті. Содан бері жазылушылар қатары күн санап артумен келеді. Бұл уақытпен санаспай, ақпарат таратып жүрген журналистер қауымы мен осы бөлімдегі жанкешті мамандардың маңдай терінің ақталғаны. Тағы бір ерекшелік, жаңалықтарға негізделген арнамыздың тақырыптық бағдарламалары да халық арасында зор сұранысқа ие. 

Мадина Асылбекқызы, интернет жобалар бөлімінің бас редакторы:

- «Әкім», «Диагноз», «Тексердік» сияқты бағдарламалар көш басында тұр. Олардың алды тіпті 900 мың қаралым жинады. YouTube-тегі былтырға қарағанда біздің табысымыз екі есе артты. Сонымен қатар «Хабар 24-тің» YouTube-тегі каналы ашылғалы бері қаралым саны 600 млн жуықтаса, ал биылдың өзінде бұл көрсеткіш 160 млн-ды құрады.

Интернет бөлім мамандарының есебінше, көрермендер арасында ер азаматтардың үлесі басым. Әрқашан жаңалыққа жаны құмар жастармен қатар, ересектер де арна жаңалықтарын қалт жібермеуге тырысады. Олардың 65 проценті заманауи гаджеттер арқылы тамашалайды. 

Еркін Әлменов, Youtube-менеджер:

- Біздің бөлім тілшілермен тығыз байланыс орнатқан. Эфирде көрсетілмеген, бірақ өзектілігін жоғалтпаған бейнероликтерді YouTube-тегі парақшамызға салып отырамыз. Әдетте мұндай видеолардың ұзақтағы 60 секундтан аспайды.

«Хабар 24» арнасын көпшілік тек көк жәшіктен ғана емес, YouTube-тегі ресми парақшасынан көруге асық. Мәселен, биыл каналға жазылушылар қатары Германия, Беларусь, Украина, Өзбекстан тұрғындарымен толыққан. Осылайша, арнаның шығармашылық ұжымы дайындаған телеөнімдер шетелдік аудиторияның талғамынан шығып отыр. Сонымен қатар әлемнің әр түкпірінен қазақстандық көрермендерді соңғы жаңалықтармен сусындатып жүрген халықаралық тілшілер қосынының еңбегі де ерек екенін айтып өту керек.

Айдана Кәрібжанова, халықаралық жаңалықтар бөлімінің бас редакторы:

- Ғаламторда қазақ тілдегі шетел жаңалықтары аз болғандықтан, біздің арнамыздың ерекшелігі шетелдегі тілшілер жасаған материалдар үлкен сұранысқа ие болады. Мысалы, қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс туралы оншақты материал жазған болатынбыз. Біз үшін осы жалған ақпараттың арасында дереккөздерден алынған ақпарат жоғары сұранысқа ие болуы біз үшін маңызды.

Назерке Тоқжан, тілші:

– «Хабар 24» ұжымы барлық өзекті жаңалықты өздеріңізге тек теледидар арқылы ғана емес, ғаламторда да жедел хабарлауды жалғастырады. Сондықтан ең сенімді әрі нақты ақпаратты алу үшін біздің арнаның әлеуметтік желідегі парақшаларына жазылуды ұмытпаңыз!

Назерке Тоқжан, Аят Дүйсенбаев, Ержан Рахманбердиев