Елордада жаңажылдық демалысты қайда өткізуге болады

Барыс жылын бар ынта-шынтамызбен қарсы алдық. Бүгіннен бастап елде бірнеше күн демалыс, деп хабарлайды Хабар 24.

Ендеше осы мерекенің естен кетпестей әсерлі өтуі үшін, қайда барып көңіл көтеруге болатыны туралы арна журналистері кеңірек тоқталды. Елорда қонақтары мен тұрғындары алдағы 4 күн демалысты әсерлі әрі мағыналы өткізу үшін алдымен «Экспо» қалашығына барып, еліміздегі бас шыршаны қызықтауға болады. Оның биіктігі 25 метр, диаметрінің өзі 10 метрге дейін жетеді. Ал салмағы 4 мың келіден асады. Көз жауын алатын екі мыңға жуық ойыншықпен безендірілген. Бүлдіршіндерге базарлық мұнымен бітпейді. Шыршаның айналасында мұз айдындары мен сырғанақтар ертегілер әлеміне тап болғандай әсер қалдырады.

Егер «Экспо» қалашығына жолыңыз түспесе, Байқоңыр ауданында серуендеуге болады. Онда бес түрлі мұз қалашығы бой көтерген. Алматы ауданында да сырғанақтың сан түрі бар. «Қазақ елі» монументі мен Президенттік саябақта және Есіл жағалауында да қысқы демалысты қызықты өткізуге болады.

Елнар Базыкен, қалалық урбанистика орталығының жетекшісі:

– Мәселен, Алматы ауданында «Зверополис» деп аталатын тақырыптық жоба ашылады. Онда мультфильмдегі танымал кейіпкерлердің мүсіні жасалған. Бұдан бөлек қала тұрғындарының Президенттік саябаққа да барып тынығуына болады.

Қала тұрғындары мен қонақтары тек серуендеп қана қоймай, мәдени шараларды да тамашалай алады. Қаңтардың 9-на дейін елорда циркінде мерекелік қойылым ұсынылады. Ал «Жастар» театрында «Су перісі» спектаклі сомдалады. Келем деушілерге мұражайлардың да есігі айқара ашық. Жаны операны қалайтындар үшін 4 қаңтар күні «Ақшақар мен жеті ергежейлі» екі бөлімді балеті ұсынылады. Сіздерді «Астана опера» балет әртістері мен симфониялық оркестр мүшелері асыға күтеді. Қойылымның ұзақтығы 2 сағат 20 минут.

Алтынай Асылмұратова, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі:

– Құлаққа жеңіл тиетін әуезді әуен. Жылдам ауысып отыратын декорация. Қойылым сонысымен ерекше. Естеріңізде болса, бұрын кітап беттерін парақтаған кезде көлемді суреттер шыға келетін. Спектакль сол бейнелер секілді көпқырлы. 

Барыс жылы осындай ерекше мәдени шаралармен басталып отыр. Театр, цирк, мұражай қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтары демалысты қызықты өткізуі үшін тыңбай еңбек етпек.

Біздің арна ұжымы да қалыс қалмай, үздіксіз жұмыс істеп, көзі қарақты көрерменге маңызды ақпарлар мен ерекше жобаларды ұсынады. Сондықтан басты ақпараттық арна қосулы болсын.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Марк Брюшко