434,58 496,10 5,74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Оралда мемқызметшілер жұмысқа таксимен барып жүр

  • 122
  • UPD: 18:24, 01.01.2022

Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік қызметшілері такси қызметін пайдалана бастады. Қызметтік көліктерден біртіндеп бас тартудағы мақсат – бюджет қаржысын үнемдеу. Аталған өңір Президент тапсырмасына орай пилоттық жобаны жүзеге асыруға кіріскен еліміздегі екінші облыс. Елордалық шенеуніктер 2018 жылдан бері такси қызметіне жүгініп келеді.

Тимур Шыниязов облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет атқарады. Бұл жобаның тиімді тұстары көп. Мәселен, бұрын қызметкерді кеңсеге жеткізген көлік сағаттап қаңтарылып тұратын еді. Қазір тек қажет болғанда ғана такси қызметіне жүгінеміз, дейді ол.​

Тимур Шыниязов​, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Қызметтік көлікті айына күтіп ұстауға 200 мың теңге кететін. Оның ішінде​ жүргізушінің жалақысы бар, жанар-жағармайы бар, қосалқы бөлшектері бар, жөндеу жұмыстары бар. Қазір 3 ай болды пайдаланып жатырмыз, орташа 80 мыңға шығып жатыр. сонда 2,-2,5 есе үнемдеп жатырмыз. Сонымен қатар бұл таксиді басшылары ғана емес, сонымен қатар басқарманың қызметкерлері де пайдалануда. ​

Пилоттық жоба аясында жергілікті инвестор тарапынан 30 көлік бөлінген. Бұл көліктер облыстық басқармалар басшылары мен олардың орынбасарларын жұмысқа әкеліп, кеште үйіне жеткізеді. Рас, қызмет бабында кейде басқармалар мен әкімдік мамандары да міне алады екен. Тағы бір тиімді тұсы қызметтік көлікті жеке қажетіне пайдалануға жол берілмейді.​

Тимур Шыниязов​, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл такси тек жұмысқа пайдаланылады. Мобильдік қосымша дейміз приложение, сол арқылы тапсырыс береміз. Бұл жерде жұмыс орыны, қай жерден бізді алып кету керек, қай жерге апарып тастау керек, бәрі де көрсетіледі. Және ай соңында расшифровкасы келіп жатады бізге. Бұл жерде балабақша, мектеп деген сияқты жеке пайдалану болмайды.  

Такси қызметін қазір өңірдегі 24 басқарма мен қала әкімдігі​ пайдаланып жүр. Оларға​ отызға жуық такси көлігі қызмет көрсетеді. Мемлекеттік органдар бұл қызметке жылына 15 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсайды.

Рустам Сұлтанов​, такси паркінің басқарушы директоры:

- Бұл жобаның әлеуметтік маңызы зор деп санаймыз. Сол себепті тек пайда көру үшін емес, қала мен облыстың ішкі өміріне етене араласқымыз келді. Және бір пайдалы тұсы жүргізушілер мен диспетчерді қосқанда барлығы 50 шақты адам жұмыспен қамтылды.​ ​​ ​ ​ ​

2020 жылы жылы елімізде мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға көлік пен жиһаз сатып алуға мораторий жарияланған еді. Деректерге сүйенсек, бұдан 500 миллиард теңгедей қазына қаржысы үнемделеді екен.

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов

Хабар 24 телеарнасы