Павлодар облысының табиғи резерватында жануар санағы жүргізіледі

Қаңтар айында Ертіс орманы табиғи резерваты жануарлар санағын жүргізеді. Аумағы 277 мың 961 гектарды алып жатқан қарағайлы алқап аң мен құсқа өте бай. Ертіс орманында бұлан, елік, қасқыр, түлкі, қоян, сусар, сілеусін өмір сүреді. Қыс мезгілінде орман жануарлары ерекше қамқорлыққа алынады. 

- Кормовой базаға келіп жегендерін ауыстырып жатырмыз вениктарды, жаңадан ілеміз. Мынау ескілері алынады. Жаңадан қойылады.

Ормандағы биотехникалық шаралар осылай жүргізіледі. Қар қалың түскен жылдары жануарлар қорек таппай қиналады. Сондықтан егерьлер оларға жол салып, жем-азық жеткізіп отырады.    

Әділхан Бейсембаев, «Ертіс орманы» табиғи резерватының аңтанушысы:

- Жоқ дегенде бір 20-30 шақырым жүріп келеміз. Одан көп болады, із тауып алсақ сол ізбен жүріп барып қараймыз. Мүмкін браконьер ма деп.

Шалдай және Бесқарағай орманшылығында 400-ден астам алаң құрылған. Аңшылықтану мамандары аптасына екі рет келіп оттықтарды жем-азықпен толтырады.  

Бауыржан Бердағұлов, «Ертіс орманы» табиғи резерватының аңтанушы-биологы:

- Біздің филиалда алты жұмысшыдан бар. Биотехникалық шаралар қыс бойы жүргізіледі. Шаруа қожалықтары да көмекке келеді. Олар сәбізбен қамтамасыз етеді. Көкөністі қояндар мен  еліктерге береміз.

Шалдай және Бесқарағай орманшылығында 670 елік, 370 бұлан бар. Жыртқыш аңдардан қасқыр мен сілеусін кездеседі. Кейінгі кезде түлкі, қоян, сусардың саны айтарлықтай өскені байқалады. Жуырда фототұзаққа қабандар түсіпті. Ресей жағынан ауып келген жабайы аңдарды жерсіндіруге болады дейді мамандар. Ол үшін азық қорын молайту қажет.

Бауыржан Бердағұлов, «Ертіс орманы» табиғи резерватының аңтанушы-биологы:

- Орманда жазық алаңдар кездеседі. Біз сол жерлерге дәнді дақылдар себеміз. Ол жануарлар әлемін дамыту үшін қолданылатын шаралардың бірі. Жалпы орман ішіндегі жануарларды қорғау жұмыстарын біз табиғатты қорғау полициясы, шекара қызметі және мемлекеттік инспекторлармен берлесіп жүргіземіз.

Қаңтар айында жабайы аңдар мен жануарлардың санағы басталады. Ертіс орманы табиғи резерваты ерекше қорғалатын аймақ. Сондықтан аңшылықтың барлық түріне тыйым салынған. Соңғы жылдары аң аулауға қатысты деректер тіркелмепті. 

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат