Оңтүстіктегі шаруалар қысқа дайын ба?

Биыл еліміздің батысы мен оңтүстік өңірлерін қуаңшылық қыспаққа алды. Құрғақшылық Түркістан облысының шаруаларына да оңай тиген жоқ. Ал биыл қыстың қалай болары әлі белгісіз. Оңтүстік өңірдің шаруалары қысқа дайын ба? Қажетті жем-шөбін жинап алды ма?

Биылғы қуаңшылық Түркістан облысының шаруаларына да оңай тиген жоқ. Әсіресе жаз басталмай жатып Сарыағаш, Келес, Шардара, Ордабасы, Отырар аудандарының шаруалары әбігерге түсті. Жайылымдық жерге шөп шықпады. Жауын болмаған соң арықтар да су алды. Жұрттың еккен дақылы өспей қалды. Соның салдарынан кей жерлерде мал қолға қарады. Жем-шөптің бағасы шарықтап кеткендіктен қолда бар малын сатқандар да кездесті.

Нұрдос Тәжімұратұлы, Келес ауданының тұрғыны:

- Үш жылдан бері қайта-қайта жүгері егемін. Үміт болмаған соң малдың бәрін сатып жатырмыз. Шөп жоқ биыл, бір рет те суғара алмадым.

Алайда ырзығы мен несібесін төрт түліктен айырып отырғандар қолда бар малын аман алып қалу үшін жем-шөпті көрші облыстардан тасыды. Ал жылда суармалы жерден мол өнім алатын ордабасылықтар биыл шөптің аз да болса шыққанына қуанып отыр.

Серік Сахыпбек, Ордабасы ауданының тұрғыны:

- Биыл сәл құрғақтау болып келді жыл. Дегенмен, өнім жаман болмады. Әйтеуір су сәл тапшылау болды. Гектарына 300-350 түк жоңышқа алдық.

Сонымен қатар биыл өңірді қуаңшылықтан құтқарған тағы бір жоба – бір алқаптан үш өнім алу. Соның нәтижесінде шаруалар 1 жылда бірнеше өнім алып, қаланы азық-түлік пен төрт түлікті мал азығымен қамтамасыз етті. Егістікті әртараптандырудың арқасында облыс шаруалары 4,1 млн тонна мал азығын жинапты. Бұл қыстан қысылмай шығуға жеткілікті.

Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Бізге 3 млн 900 мың тонна мал азығы қажет. Бүгінгі таңда 4 млн 100 мың тонна мал азығы дайындалып, 108 процентке қамтамасыз етіліп отыр. Ендігі кезекте шаруаларға нормаға сәйкес, 700 мың тонна жем қажет. Оның 500 мың тоннасы өндірілді. Қазір 200 мың тоннаны солтүстік өңірлерден сатып алу басталды. 

Мамандар қыстық қор жеткілікті деп отыр. Бірақ босаңсуға болмайды. Алдағы қыстың қалай құбылары уақыттың еншісінде.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш