Маңғыстауда өткен жылы көп балалы отбасы саны 5 мыңға көбейді

Маңғыстау облысы табиғи өсім бойынша елде алдыңғы орында келеді. 2021 жылы өңірде көп балалы отбасы саны 5 мыңға көбейді. 23 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Бір қуантарлығы, 30-дан асқан келіншектер алтын құрсақты аналар қатарын көбейтіп жатыр.

Нұргүл Ағылман 4 ұл мен 3 қыз тәрбиелеп отыр. Үлкен шаңырақтың анасы білім беру саласында қызмет атқарады. Мектеп жасындағы балалары жұмысбасты келіншектің қолқанаты. Жаңажылдық шараға үйдің кенжесін киіндіріп әкеліпті.

Бақытты ананың айтуынша, әр баланың өз несібесі бар. Шама келгенше көп перзент өсірген дұрыс, дейді ол.

Нұргүл Ағылман, көп балалы ана:

- Демографияның өсуіне мен өз үлесімді қостым. Әлі де қоса беремін деп ойлаймын. Және аналарға қосыңыздар деген тілек айтамын. Жақсы жаңалық естідім. Келер 2022 жылдан бастап көп балалы аналардың жәрдемақысы өседі дегенді. Бұл менің ғана емес, барлық көп балалы аналардың қуанышы деп ойлаймын.

2021 жылы облыста 23 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Жалпы Маңғыстауды мекен еткен тұрғын саны 30 жылда екі есеге өсті. Қазір аймақта 725 мыңдай адам тұрады. 60 процентке жуығы ауыл азаматтары.

Жапырақ Епенова, облыстық перинаталды орталықтың директоры:

- 10 шақты жыл бұрын 30-35 арасындағы келіншектер 3-4 баламен шектелсе, бүгінгі күндері 35-37 жас арасындағы аналар көп босанушы аналар атанып жатыр. 7 баладан, 8 баладан дүниеге әкеліп жатыр. Сондықтан бұл туу көрсеткішінің өсуінің өзін жағдайымыздың жақсарғаны деген сөз деп түсінеміз.

Шалғай өңірде 32 мыңнан астам көп балалы отбасы тіркелген. Соның 5 мыңға жуығы мемлекеттен жәрдемақы алады. 2020 жылы 27 мың болған болса, былтыр 5 мыңға көбейді. 4 баласы бар жанұяға айына 49 мың 670 теңгеден, 8 одан да көп болса әр балаға 12 мыңнан астам теңге жәрдемақы төленеді.

Айжамал Қалмағамбетова, ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департамент басшысының орынбасары:

- 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап көп балалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 4 балаға 49 мың 100 теңгені құрайды. 5 балаға 61 383 теңгені, 6 балаға берілетін жәрдемақының мөлшері 73 мың 666 теңгені құрайды. 7 балаға 85 мың 948, 8 бала одан көп болса әрбіріне 4 АЕК мөлшерінде беріледі. 

2022 жылы жаңа туған бала мен оның күтіміне төленетін жәрдемақы мөлшері де өсті. 1 қаңтардан бастап бірінші, екінші және үшінші балаға 116 394 теңге, ал төртінші және одан да көп балаларға 192 969 теңге төленеді.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев