Шымкентте зағип жан Нұртілеу Жаналиев көптің көмегімен баспаналы болды   

Жанарын шел басса да, аула сыпырып, несібесін айырған шымкенттік Нұртілеу Жаналиев көптің көмегімен баспаналы болды, деп хабарлайды Хабар 24.

Зағип жан ес білгелі пәтер жалдап күнелтіп келген еді. Шиеттей бала-шағасын адал еңбегімен асырап келеді. Тынбай еңбек етіп жүрген жаннан біздің арна тілшілері де кейіпкер ретінде арнайы сұхбат алған болатын. Содан соң өзге басылымдар да жарыса жазып, жұрт болып жұмылып көмектесуге шақырды. Сөйтіп қайырымды жандар да табылды. Көптің көмегімен қомақты қаржы жиналды. Соның арқасында көпбалалы отбасы 7 бөлмелі үлкен үй сатып алып, жаңа қонысқа жайғасты. Қайырымдылық жасауға ұмтылған азаматтар тұрмыстық техникасын да сатып алып берді. Әлі де қолдау көрсетуге ұмтылып жатқан жұрт жасау-жиһазын түгендеп жатыр.

Нұртілеу Жаналиев, қала тұрғыны:

- Алғашқы естіген кезімде қуанғаннан жылағым да келіп кетті. Мұны өмір бойы армандағанмын. Бала-шағаға үй алып беріп, өзім де үйлі болдым. Осы қуанышқа бала-шағам да қуанып жүр, өзім де әйелім де қуанып жүрміз. Сіздерге рақмет!