Теңгенің тарихын білесіз бе?

Төл теңгеміз алғашқыда шетелде жасалып, тұңғыш рет Ақжайық өңіріне жеткізілген, деп хабарлайды Хабар 24.

Кейін өзге облыстарға таратылған. Мұны біреу білсе, біреу білмейді.

Оралдық банк саласының ардагері Ғалия Сатыбалдина – төл ақшамызды алғаш көргендердің бірі. Оның айтуынша, отандық банкноттар мен коллекциялық монеталар – нумизматика саласы үшін тиімді инвестиция. Шетел валюталарынан коллекция жинаған ол төл теңгенің айналымға ену тарихымен бір кісідей таныс.

Ғалия Сатыбалдина ұзақ жылдар еліміздің қаржы саласында еңбек етті. Көп жыл Ұлттық банктың өңірдегі филиалында басшы болды. Қазір іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Ол отандық валюта алғаш айналымға енген тарихи сәттердің куәгері.    

Ғалия Сатыбалдина, коллекционер:

- Теңгеміз бірінші енгізілген кезде құпия ретінде Оралға ұшақпен жеткізілді. Басқа қалаларға таратылды. Ол кезде айтуға болмайтын. Лондоннан Оралға ИЛ86 деген ұшақпен 18 рейс жасалған.

Ғалия Кәмшатқызы сол кезден бастап әлем елдерінің ақшаларын жинауға кірісіпті. Коллекциясында нумизматика саласында аса бағалы саналатын отандық инвестициялық монеталар да аз емес. Уақыт өткен сайын олардың құны еселеп өседі екен. Көбі алтынмен апталып, күміспен күптелген. Гауһартаспен әдіптелгені де аз емес. Төл теңгеміз – тәуелсіздіктің басты нышаны. Дизайны жағынан да көп елдің валютасынан артық дейді ол.

Василий Каминский, қала тұрғыны:

- Тәуелсіздік алғанына 30 жыл болған еліміздің төл теңгесі расында да сәтті шыққан деп сеніммен айта аламын. Әлемнің әр түкпірінде болған кезде соны түсіндім. Біздің ақшада еліміздің басты құндылықтары көрініс тапқан. Ұлттық нақышқа бай әрі салт-дәстүрді бейнелейтін элементтер молынан қамтылған. Сол себепті өзге елдерде болғанда сыйлық ретінде ұсынып жатамыз.   

Міне, нумизматтың кезекті тапсырысы қолға тиген қуанышты сәт. «Жеті қазына» сериясына жататын коллекция да ерекше әсемдігімен көз тартады. Монеталарды онлайн сауда арқылы сатып аламын. Отандық коллекцияларға сұраныс өте жоғары. Әлемнің әр түкпірінен сатып алуға өтініш білдіріп жатады. Ондай кезде кеудемізді ерекше мақтаныш сезімі билейтіні рас дейді кейіпкеріміз.    

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов

Сондай-ақ...