Ақтаулық жазасын өтеуші сіріңкеден түрлі бұйым жасайды

Сіріңкенің шиінен қала тұрғызуға болады. Ақтауда тағдырдың жазуымен абақтыға түскен 34 жастағы жазасын өтеуші құр қол отыра алмайды, деп хабарлайды Хабар 24.

Қолы тиген дүниелерге жан бітеді. Кәдесыйдың түр-түрін жасайды. Тоқыма тоқитын ісмерлігі бір бөлек, қағаздан архитектуралық нысандардың кез келген түрін пішіндеп, құрастырады.

Қайрат Ұзақбайұлы 3 жылдан бері түрмеде отыр. Қаруды заңсыз сақтағаны үшін жаза кесілген. Былтырдан бері  сіріңкеден түрлі бұйым жасайды. Футбол алаңы, ертегідегідей лашық  және шағын аула құрастырған. Әр бұйымға он шақты күн кетеді. Бастысы төзімділік пен ұқыптылық керек дейді.

Қайрат Ұзақбайұлы, жазасын өтеуші:

– Қиыны ұсақ заттар, тиянақты жұмыс істемесең сәл қате кетеді. Желіммен жинағанбыз, тез қататын болған соң қиын болды. Қолдарымыз жабысып жүрді. Қазір басқа желіммен жұмыс жасап жатырмыз. 1 үйге бастапқы 2 жарым блок кетеді. 2 жарым блокта 50 қорап кетеді. Өзіме қызық болды. Көзге түсіп қалғаны ағаш үйлер болды. Баяғы ертегі. Сыйлық есебінде балаларға берейін деп осыны істеп бастадым.

Ол бұдан бөлек, қолөнерді үйреніп алған. Әйелі мен балаларына шұлық тоқып беріпті. Сондай-ақ қағаздан да түрлі бұйымдар құрастырады.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

– Шебердің қолынан шыққан тағы бір туынды – мешіт. Әзірге шағын макеті дайын тұр. Алдағы уақытта мұнараларын қойып, күмбезін орналастыру қалды. Қайрат алдағы уақытта мешітке сыйға тартпақ.

Уақытша қамау изоляторында 220-дан астам жазасын өтеуші отыр. Олардың 20-дан астамы Қайрат сияқты шығармашылықпен айналысады дейді түрме басшылығы. 

Азат Орынбасаров, ҚАЖ мекеме бастығының орынбасары:

– Қабілеттері бойынша балауыздан, сіріңке қорабынан мешіт, үй жасайды, тоқитындар бар. Жасақ бастығы қадалаған мезгілде қандай зат керек болса, мысалы жіп, қаладан алдырамыз. Грамота, сыйлық береміз, ол жақсы әсер етеді. Үйіне хабарласуға рұқсат етеміз.

Қайрат түрмеде өткен «Үміт сәулесі» жарысына қатысып, 1-орын иеленген. Алдағы уақытта сіріңкеден шағын қалашық пен шолу дөңгелегін жасағысы келеді.

Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев