Жаңаөзендегі митинг: өңір тұрғындары автогаздың қымбаттағанына наразылық білдірді

Маңғыстау облысы әкімдігі мен Энергетика министрлігі автогаз қымбаттағанына наразы болған Жаңаөзен халқына жауап берді, деп хабарлайды Хабар 24 Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Маңғыстау облысында 1973 жылдан бастап газ өндіретін жалғыз кәсіпорын – «Қазақ газ өңдеу» зауыты. Ол айына 14,5 мың тонна сұйытылған газ өндіреді. Алайда облыстың тұтыну көлемі 18 мың тонна болғандықтан, зауыт өңірдің қажеттілігін толық өтей алмай отыр. Сондықтан Жаңаөзенге облыстан қосымша 3,5 мың тонна газ жеткізілмек. Бұл туралы Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл мәселе зауыттағы жабдықтардың ескіруіне де байланысты болып отыр. Өйткені зауыт жабдықтарының 90 проценті тозған.

«Шұғыл шаралар қолданылмаса, болашақта зауыт тоқтап, сұйытылған газ тапшылығы жиі болады. Сұйытылған газды нарық бағасына сай сатуға мүмкіндік беретін жаңа зауыт салу жоспарланып отыр», - деді басқарма басшысы.

Ол республика бойынша газдың орташа бағасы литріне 110 теңге, көршілес Атырау облысында 115 теңге, Оралда 120 теңге екенін жеткізді.

Айта кету керек, қазір Маңғыстау облысында газ бағасы 95-тен 115 теңгеге дейін өзгеріп тұр. Мамандар 60 теңге мөлшеріндегі бұрынғы баға енді болмайтынын баса айтты. Өйткені қазір биржадағы газ бағасы - тасымалдау мен кәсіпкердің шығындарын есепке алмағанда, литріне 70-85 теңгеге шығып отыр. Ал әкімдік газ бағасын реттемейді, өйткені бұл тауар бәсекелестік нарыққа жатады дейді.

Ал энергетика министрлігі болса, сұраныс артуына байланысты газ қымбаттап жатқанын түсіндірді. 

«2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап сұйытылған мұнай газы сауда-саттығының тауар биржалары арқылы 100%-ке ауысуы жүзеге асырылды. Электрон сауда-саттық арқылы газ сату нарықтың барлық қатысушысы үшін тең жағдай қалыптастырады және қажет газ көлемін тікелей өндірушілерден сатып алуға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді министрлік өкілі.

Ведомство өкілдері Қазақстанда сұйытылған мұнай газын тұтыну жыл сайын артып жатқаны, ал өндіріс көлемі мардымсыз екеніне де тоқталды.

Министрлік мамандарының мәлімдеуінше, электрон саудаға көшу сұраныс пен ұсыныс негізінде газ бағасын теңестіруге, инвестициялар тартып, жаңа өндірістік қуат құруға мүмкіндік береді. Нарық механизмдері бәсекелестіктің дамуына оң әсер етеді. Электрон сауда-саттыққа көшкенге дейін сұйытылған мұнай газының бағасы өндірушілерді шығынға батырып келді, өйткені ол өзіндік құнынан төмен бағада болды.