Балықшы әже

Қарағанды облысының Приозерск қаласында балықшы әже тұрады, деп хабарлайды Хабар 24.

71 жастағы кейуана 30 жылдан бері қармағын сайлап, қанжығасын майлап жүр. Әуелде күнкөріс қамымен бастаған кәсібі кейін ермекке айналған.

Наталья Хомич ерте тұрып, қармағы мен керек-жарағын сайлап жатыр. Күн төбеге көтерілмей тұрып көлге жету керек, себебі таңертең балық жақсы қабады дейді ол. Дорбасында балық аулайтын жем азығы мен шөлбасар шайы да бар.

Наталья Хомич, зейнеткер:

– Тоқсаныншы жылдардың басында қиын болды. Жұрт жаппай жұмыссыз қалды. Сол кезде осы балықпен бала-шағамызды асырадық десе де болады. Кейін тұрмыс түзелген соң, бұл хоббиімізге айналды. Көлге жиі келемін. Мұнда миым тынығып, ойым тазарады.

Бұл жолы күн райы қолайсыз болғандықтан қармағына балық ілікпеді. Бірақ қария оған қамықпайды. Мақсат олжада емес, көл жағасында тынығып, сүйікті ісінен ләззат алу.

Нәзилә Бақытова, көршісі:

– Балық аулағаннан ол ләззат алады. Үйінде жоқ болса осы жақта екенін білемін. Көрші ретінде өте жақсы адам. Адамдарға жақсылық жасағанды жақсы көреді. Үлкен-кіші демейді. Балық аулаған күні ол менен өтіп кетпейді, балығын тастап кетеді.

Балықшы әженің жеке рекорды – жақында ұзындығы 80 сантиметр болатын, ал салмағы 8 келі тартатын ақбалық аулаған. Дегенмен көксерке мен сазанның еті дәмдірек келеді дейді. Ең бастысы, ол ешқашан аулаған балығын сатпайды екен, көршілері мен жақындарына үлестіріп береді.

Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев