Қоғамдық орындарда тексеріс күшейтіледі

Ертеңнен бастап Ashyq қосымшасында көк мәртебемен жүрген тұрғындар сауда орталықтары, ойын-сауық кешендері, банктер, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен «Қазпоштаға» кіре алмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрінің міндетін ақарушы Жандос Бүркітбаев осылай деп мәлімдеген еді. Бұл қоғамдық орындарда індеттің таралып кетпеуіне септігін тигізеді деген үмітпен қолға алынып отырған шара. Жалпы дертті жеңудің бір амалы – 2022 жылдың алғашқы жартысында 9 миллион қазақстандықты ревакциналаудан өткізу. Үкімет басшысы салалық министрлікке осындай міндет жүктеген.

Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы:

– Біздің міндетіміз қазіргі тұрақты эпидемиологиялық ахуалды ұстап тұру. Сол арқылы азаматтарды қорғау. Әсіресе адам көп шоғырланған жерлерде қауіпсіздікті сақтау маңызды. Сондықтан бұл шара адам құқығын бұзады деп ойламаймын. Керісінше халқымыздың денінің сау болуын қамтамасыз етеді.