Қарағанды облысында жастарға арналған жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады

Жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 500 миллион теңге бөлінген. Тап осындай қаржы банктен де беріліп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ерік Нарын журналистика саласында екі жылдан бері қызмет етіп келеді. Қоғамдағы мәселені тек телесюжеттерінде емес, отты жырларында да жиі қозғайды. Жас ақын, талантты тілші алда бас құрап, отбасылы болуды қалайды. Бірақ алдымен баспана мәселесін реттеп алуға ниетті. 

Ерік Нарын, тілші:

– Журналистер жөнінде айтсақ олар не әрі емес, не бері емес, не мемлекеттік бағдарламада басқа қосымшаға ілікпей, екі арада жүрген қадірсіз маман болып қалды, шыны керек. Журналистерді баспанамен қамту бағдарламасы қолға алынса, ол бір керемет жаңалық болар еді.

Облыс тұрғындарының төрттен бірі жастар санатына жатады. Бүгінде баспана кезегінде 37 мыңға жуық адам тұрғанын ескерсек, оның тек 7 мыңы ата-ана қамқорынсыз қалғандар. Қазір жастар басқармасы жоспарланған ипотекалық бағдарламаны келер жылдың алғашқы жартысында енгізу үшін жұмыс жүргізіп жатыр.

Біржан Әлімжан, жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы:

– Бұл жеңілдетілген несие. Жас мамандарға арналған. «Отбасы банк» АҚ-мен бірге жүзеге асады. Жалпы бағдарлама бюджеті 50 де 50 болып құралады. Яғни жартысын облыстық бюджет өтесе, қалған жартысын банк тарапынан. Заңнама бойынша жастар деген 29 жасқа дейінгі. Бірақ бұл баспана бағдарлама болған соң 35 жасқа дейін ұзартылған.

Жастар бағдарламасы «5-10-25» деген талаппен беріледі.

Еске салсақ, дәл осындай бағыт бойынша облыстың металлургтері мен кеншілеріне де арнайы ипотекалық бағдарлама әзірленеді.

Мамандардың айтуынша, облыс құрылыс қарқыны бойынша елімізде төртінші орында тұр.

Нұржан Орынбаев, құрылыс, сәулет, қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

– 2020 жылы 530 мың шаршы метр үй пайдалануға берілсе, биыл бұл көрсеткіш 662 мың шаршы метрге өседі деген жоспар бар. Бұл былтырғымен салыстырғанда 25 процентке жоғары болады. 2100 пәтерді биылғы жылы қолданысқа береміз бе деген жоспарымыз бар.

Жалпы алғанда, бұрын облыста кезекте тұрғандарға жылына бір мыңға жуық пәтер берілетін. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш 2-2,5 мың пәтерге ұлғайған. Өңірде бюджет есебінен салынатын әлеуметтік тұрғын үйдің үлесі 15-16% -ке жетті, қалғаны – жеке құрылыс.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев