Ақтөбеде былтыр 350 жас мемлекеттік грантқа ие болды

Кәсіп қылам деген адамға мемлекеттің де бүйрегі бұрып тұр. Былтыр Ақтөбеде «Еңбек» бағдарламасы аясында берілетін қайтарымсыз грантты 350-ге тарта жас иеленген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Креативті жоба ұсынғандары аз емес. Олардың қолынан шыққан бұйымдар қазір көптің сұранысына ие. Тоғжан Зархом қолдан бұйым жасауды бизнеске айналдыра білген жастардың бірі. Ал өнімі әдеттегідей қыз-келіншекке тән тағам түрін пісіру немесе іс тігу емес, эпоксид желімі мен қатырғышты қолдану арқылы тұрмысқа қажетті заттар дайындау. Бұған дейін өзі жасаған көптеген ыдыс-аяқтары мен қабырға сағаттары, әшекейлер және т.б бұйымдары тұтынушысын тапқан. Әлеуметтік желіге жүктеген кез келген өнімі тез өтеді. Ал іс бастау үшін Тоғжан соңғы 3 жылдан бері тынымсыз еңбек еткен. Бизнес бастау жобасына қатысып, кәсіпкерлік негізін меңгерді және өзінің осы тың жобасы қайтрамсыз грант иеленуге мүмкіндік берді.

Тоғжан Зархом, кәсіпкер:

– Ең алғашында өзімнің жақындарым көп тапсырыс берді. Мен ешқандай дизайнер емеспін. Тек өзім оқып, білімімнің арқасында осындай бұйымдарды жасап отырмын. Шығынды ақтайды. Себебі бұндай бұйымдар Қазақстанда өте аз және де бұл қолдан жасалғандықтан бұл өте жақсы бағаланады.

Грант 27 жастағы өнерлі жігіт Нұрболат Молжігітовтің де кәсіпкер атануына септігін тигізді. IT саласының маманы соңғы жылдары 3D принтерді меңгеріп, мүмкіндігін пайдалануды ойлап жүрген еді. Алғашқыда бір құрылғы алып, одан шығатын дүниелерді жарнамалағанда тапсырыстың көп болатынын ойлапты. Тіпті үлгермеген соң қасына бір студентті көмекші етіп алған. Алайда сұраныс арта түскен соң мемлекеттік бағдарлама аясында ұйымдастырылған гранттар байқауына қатысып, 583 400 теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржыны ұтып алды. Қазір қауырсыннан кез келген бұйымды жасап шығарып жатыр. Оның ішінде су бұру қондырғылары мен жеңіл және жұк көліктенінің қосалқы бөлшектерін дайындауда.

Нұрболат Молжігітов, кәсіпкер:

– Кәсіпті үлкейту мақсатында соған көп көмегі болды негізі бұның. Маған үлгі немесе чертеж, я болмаса басқа бірдеңелер болса, сол арқылы көшіріп дәл сондай қылып, 3D моделін жасап, сол моделирование жасағаннан кейін қандай маркада пластик жасау керек қатты әлде эластичный түрі керек пе? Сондаймен мен аппаратқа салып, соны құйып жасап бере аламын.

 «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында 2021 жылы 348 азамат қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда біршама жоғары. Ал жобаларын қорғап кәсіпкер атанғандарға республикалық және жергілікті бюджеттен 200 млн теңгеден астам қаржы берілген. Қайтарымсыз мақсатта бағытталғанымен, бір жыл бойы сұрауы да болмақ.

Әлия Хамидуллина, халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

– Оған мониторинг жүргіземіз. Мониторингтің басты мақсаты алған грантты қаражатын мақсатты пайдалану. Егер ол мақсатты пайдаланбаса, мониторинг барысында анықталса, ол өз еркімен қайтарылуға жатады. Болмаған жағдайда сот жүзінде қайтарылады.

Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бұл жұмыс жалғасын таппақ. Тәжірибе көрсеткендей, жобалар байқауында тек нарықтың талабы ескерілген бастамаларға басымдық берілуде.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев