Павлодарлық мүсінші мұздан қала тұрғызды

Марат Әбілқасымов бұрын шаһардың орталық алаңында мұзқалашық соғатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы жылдары бұл дәстүр ұмытыла бастады. Бірақ оған мойыған шебер жоқ. Өзі мұз құйып, түрлі мүсіндер жасауға ерінбейді. Қазір бұл өнерге немересін баулып жүр. Қыстың өз өрнегі бар. Ертіс жағасындағы тамылжыған табиғатты тамашалап келетіндер көп. Марат Әбілқасымов оларға арнап суретке түсетін орын әзірлеп жатыр. Соңғы кезде мұз мүсіндерге тапсырыс жоқ дейді ол. Бірақ өнерін жалғайтын немересі ер жеткен.

Абылайхан Әбілқасымов, студент:

– Мен өзім болашақ мүсіншімін. Атама көмектесуге келдім. Бірінші рет мұздан мүсін құйып жатырмын. Атам оның қыр-сырын үйретеді. Қазір барысты жасауға кірісеміз.

Атасы мен немересі жұмысты бүгін аяқтаймыз дейді. Күннің күрт суытуы аздап кедергі жасап тұр. Отыратын тақ дайын, енді оның басына 2022 жылдың символы – барысты орнату қалды.

Марат Әбілқасымов, мүсінші:

– Фотоға түсетін тақ қой. Осы жерге кісілер келіп отырып, тақтың үстіне фотоға түседі. Сондықтан үстінде барыс болсын деп жасамақшымын. Көлеңкесі болмайды мұздың. Сондықтан жұмыстарды жасағанда оны силуэтно дейді енді әртүрлі силуэтпен келтіру керек. Мына түрін келтіремін, тұтас мұздан жасаймын деп одан түк шықпайды. Сондай әдісі бар. Неге десеңіз көлеңке түспейді.

Ертіс жағалауы қала халқының жыл бойы серуендейтін көрікте жерлердің бірі. Мұндай келгенде суретке түспей кетпейді.

Евгений Бармутин, қала тұрғыны:

– Жаңа жылдық көңіл күйдемін. Бүгін күн аяз болып тұр. Бірақ айналамыздың бәрі әдемі. Мүсіншілер жұмыс істеп жатыр. Сырғанақ тебетін айдын бар. Осы мүмкіндікті пайдаланып жаңа жылмен құттықтағым келіп тұр. Мен барлығына денсаулық тілеймін. Алдағы жыл сәттілікке толы болсын.

Марат Әбілқасымовтың қолынан шыққан мүсіндер саябақтардың да сәнін келтіріп тұр. Ол – көптеген еңбектердің авторы. Қаладағы зодиак белгілері, ғашықтар саябағындағы мүсіндерді өз қолымен жасаған.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков