Маңғыстау облысы: бейбіт шерулер жалғасып жатыр

Бейбіт шеруге шыққан маңғыстаулықтар алаңнан әлі кеткен жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір Ақтаудағы «Ынтымақ» алаңында 500-дей адам жүр. Шеруге қатысушылар таңғы 5 шамасында алаңды қоқыстан тазалап шыққан. Аймақ әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтау және Жаңаөзен халқымен кездесіп, мәселені жан-жақты ойластырып, сындарлы диалог арқылы шешуге шақырды. Жұрттың негізгі талабы – газ бағасын төмендету. Наразылық осыдан басталған. Бұл ретте жергілікті билік жеке кәсіпкерлермен келісіп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында автогаздың бір литрін 120-дан 85-90 теңгеге арзандатуға келіскен. Енді мән-жайды Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын қарау жөніндегі комиссия анықтайды. Өңірдегі жағдайды көзбен көріп, түбегейлі зерттеу жүргізеді.