Ақтаудағы шеруге Қаражанбас пен Қаламқас кен орындарының мұнайшылары қосылды

Қазір орталық алаңға 500-ден астам адам жиналды. Алаңда киіз үй мен бірнеше шатыр тігілген. Онда түні бойы көпшілік кезекпен кіріп бой жылытты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір ауа температурасы 3 градус аязды көрсетіп тұр. Соған қарамастан тұрғындар мәселенің жуық арада оң шешімін табарына сенеді. Оқиға орынан мән-жайды арна тілшісі Жасын Біркенов баяндайды.

Жасын Біркенов, «Хабар 24» арнасының шеф-редакторы:

– Тап қазір біз облыстық әкімдіктің қасында орналасқан «Ынтымақ» алаңының маңындамыз. Қалың бұқара жиналған жерге қарай дәл қазір өту мүмкін болмады. Өйткені тәртіп сақшылары қоршауға алған. Полиция орталық көшенің бәрін жауып тастағанын айтып кету керек. Жалпы жағдай тұрақты. Наразылық шеруіне шыққан азаматтар мен полиция арасында қақтығыстың болмағанын да айтқан жөн. Есесіне осы алаңға келген шамамен 500-ден астам адам да өздерін байсалды ұстап тұр. Шеру бейбіт өтіп жатқанын да айтқан абзал. Мұндай киіз үйлер тігілген. Жиналған жұртқа ас таратылды. «Ынтымақ» алаңына қарай әлі де адамдар көптеп қосылуда. Қаражанбас пен Қаламқас кен орындарының мұнайшылары да ақтаулық шерушілерді қолдауға келе жатыр. Ал бір топ шерушілер әуежайдан Ақтауға апаратын жолды бөгеп тастаған еді. Қалаға қара жермен айналып өтуге ғана болады. Облыс орталығына премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік комиссия келгенін де айтып кету керек. Штаб өз жұмысын бастап кетті.