Солтүстік Қазақстан облысына елуге жуық ветеринар жетіспейді

Солтүстік Қазақстан облысына 50-ге жуық ветеринар жетіспейді. Жалақының аздығынан бұл салада жұмыс істегісі келетіндер азайып кеткен. Президент тапсырмасына орай биыл мал дәрігерлерінің еңбекақысын өсіру көзделіп отыр. Осылайша жауаптылар жастарды ауылға тартып, кадр тапшылығын шешуді көздейді.

Сәкен Әубәкіровтың ветеринария саласында еңбек етіп жүргеніне 20 жылдан асты. Өзі Петропавлда тұрады. Бірақ күнде қала маңындағы ауылға қатынап жүріп жұмыс істейді. Табысы аз болса да қызметіне адал.

Сәкен Әубәкіров, ветеринар:

- Жұмыс бізде 6-дан кейін басталады. 6-ға дейін справкаларды жазамыз. Ненормированный рабочий день. Түні бойы жүре береміз. Бір қораға аз дегенде бес рет кіреміз. Укол істеу үшін. Кейбір кісілер недовольный болады. Келе бересіңдер, надоели дейді. Ал біз қалай жұмысымыз болған соң барамыз. 

Мемлекет басшысы соңғы жолдауында үкіметке ветеринарлық қызмет сапасын жетілдіру керектігін баса айтты. Осыған орай өңірде алғашқы болып, Бескөл ауылында жаңадан станция ашылды. Осы уақытқа дейін ғимарат жалдап келген мамандар қазір жаңа нысанға көшті. Дегенмен, өңірде соңғы жылдары құс тұмауы мен мал ауруларының саны көбейгендігін айтады.

Ербол Багенов, Қызылжар аудандық ветеринарлық станциясының директоры:

- 2020 жылы 11 бруцеллез шыққан. 2021 жылы 175 бруцеллез. Жаңа айттым 6 ауылды мекенде. Енді біз олардың қайдан, неден шықты? Оның бәрін егжей-тегжейлі тексердік. Сол бесеуін уже пунктті жауып, уақытылы ветеринарлық шараларды қолданып, қазір соңғы ауылда қаңтардың ортасында тағы тексеріледі. Оң нәтиже алса ол пункт те жабылады.  

Ия, өңірде жалақы аздығынан маман тапшылығы байқалады. Қазірдің өзінде 50-ге жуық ветеринар жетіспейді. Мәселені шешу үшін жауаптылар 2022 жылдың алғашқы тоқсанында айлықты өсіруді көздеп отыр.

Берік Әлжанов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

- Біздің облыс бойынша ветеринарлардың орташа жасы 54-55 жас маңайында. Біразы зейнетке шыққан мамандар. Әлі күнге дейін жұмыс істеп жатқандары да бар. Денсаулығына байланысты ол. Біз қажетті есептерді жасап өзміздің сол қаншама қаражат керек соның бәрін жасап, ұсыныстарымызды беріп қойдық. Облыстық бюджет үш жылға жасалады ғой. Сол жылдың бірінші тоқсанында бюджетті қарастырған кезде береді деп сондай үміттеміз. 

Бүгінде бұл саланың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай ескірді. Әсіресе ауылды жерлерде мамандардың көлігі әбден тозған. Сәтін салса оларды да жаңғырту жоспарда бар.

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев