Ақтөбе облысындағы ауылда әкім сайлауы өз жемісін беріп жатыр

2021 жылы Қазақстан тарихында алғаш рет ауыл әкімдерін тікелей сайлау өтті. Бағдарламасы жақсы үміткерлердің бағы жанып, тұрғындар өз таңдауын жасады. Содан бері 5 ай өтті, жұмысқа кіріскен әкімдер не тындырып үлгерді? Өңірдегі тілшілеріміз шолу жасап көрді.

Берік Ақбергенов Алға ауданының Үшқұдық селолық округінде 2018 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бұған дейінгі жоспарланған жұмыстарды аяғына жеткізу үшін тағы сайлауға түскен. Сөйтіп, үш үміткердің арасында ең көп дауыс жинап, жеңіске жетеді. Аз уақыттың ішінде балабақша ашып, 26 миллион теңгеге ауылдағы орта мектепті жөндейді. Елді мекенді абаттандырып, жолды төсеп, көшелерді жарықтандырып, ескірген саябақты ретке келтірген. Бұдан бөлек жергілікті тұрғындарға кәсіп ашуға қолдау көрсетіп, грант берген. 

Берік Ақбергенов, Үшқұдық селолық округінің әкімі:

- Болашақта осы Үшқұдық ауылдық округі облыстағы үздік ауылдардың қатарына кіргізу арманым бар. Сондықтан күні кеше ғана Үшқұдық ауылында облыстық бірінші пилоттық жобадағы «Абаттандырылған ауыл-20 21» деген форум өтті. Сол форумда алға қойған жоспарлар болашақта орындалады деген үміттемін. Және армандар көп. Сол армандарды орындауға мүмкіндік жасалынады деп ойлаймын.

Ал Қарағанды облысындағы ең жас әкім Расул Қасенхан ең шалғай ауылдардың біріне әкім болып сайланды. Содан бері қала баласы қайтсем де ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартамын деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. Алғашқы иығына түскен ауыр жүк – су мәселесі. Гүлшат кентінде ауыз су тапшы. Бау-бақша өсіруге, мал суаруға жетпейді. 

Талғат Тезекбаев, Гүлшат ауылының тұрғыны:

- Шамасы келіп, мал алып отырған жастар негізі. Қайтып келіп жатыр ғой енді ауылға. Сол мәселені ұстап қалу үшін су керек, балалар келсе детсады бәрі болады ғой.

Жергілікті жұрттың айтуынша, шаруашылыққа қажетті суды іргедегі Балқаш көлінен тартуға болады. Жаңа әкім сол жұмысты қолға алып, жобаның техникалық-сметалық құжатын әзірлеп, бюджетке өтінім берген. 

Расул Қасенхан, Гүлшат ауылының әкімі:

- Мынау Балқаш көлінен Гүлшат ауылына дейін су құбыры орналастырылған. Жарты құбырды бюджеттік қаражатқа ауыстырып, қалған 3,5 шақырымы күн электр станциясының демеушілік есебінен ауыстырылған болатын. Енді келесі жылдан бастап күнара беретіндей қылып, тал суғаруға, малға беруге деп шешілетін болады.

Ауылда жастарды тұрақтандыру үшін ең алдымен кенттегі әлеуметтік жағдайды жақсарту қажет. Қазір жас әкім елді мекен жанындағы байырғы кеніштердің жұмысын жандандыруға күш салып жатыр. Мырыш пен қорғасын, басқа да полиметалдардың мол шоғыры бар аймақта бүгінде геологиялық барлау жұмыстары басталып кеткен. 

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Осылайша ел тарихындағы ең алғашқы ауыл әкімдерінің сайлауы өз жемісін беріп жатыр. Тұрғындар таңдаған адамына талап қойып, жылдар бойы қордалаған жұмыстар қолға алынған. Айта кетейік, Қазақстан бойынша 730 елді мекеннің әкімі сайланды. Сарапшылар мұны еліміздегі саяси жүйенің кемелдене бастауы әрі қоғамның демократиялық дамуындағы елеулі қадам деп баға берді.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев