Ақтауда орталық алаңға жиналған кісі қарасы сағат сайын толыға түсуде

Маңғыстау облысында сұйытылған газдың бағасы 50 теңгеге дейін төмендетіледі. Бүгін Ақтауға барған  үкіметтік комиссия мүшелері осындай тоқтамға келді. Олар бұл шешімді орталық алаңға жиналған халықтың алдына шығып жариялады.

Орталық алаңға жиналған кісі қарасы сағат сайын толыға түсуде. Қазір шамамен 1 мыңдай адам келіп тұр. Жалпы аймақ тұрғындары осымен екінші тәулік көшеде тұр десек еш қателеспейміз. Халық 1 қаңтардан бастап көлік газының бағасы 2 есеге қымбаттауына наразы. Алдымен бейнеүндеу жазып, ел Президентіне жолдады. Кейін Жаңаөзенде, іле-шала Ақтауда бейбіт шеруге шықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылған үкіметтік комиссия бүгін облыс орталығына жетті. Алдымен ақтаулық азаматтармен тілдесті. Сұйытылған отын бағасын төмендетуді талап еткен бастамашыл топпен кездесті. 1 сағаттан соң жаңаөзендіктермен сөйлесті. Басқосуларда қоғамдық қауіпсіздікті сақтай отырып, жағдайды реттеу мүмкіндігін талқыға салды.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары

Жасын Біркенов, «Хабар 24» телеарнасының тілшісі:

- Айта кетейік, үкіметтік комиссия құрамына Президент әкімшілігінің, энергетика министрлігінің, бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігі, жергілікті атқарушы органдар мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының өкілдері және басқа да мүдделі тараптар кіреді. Ақтауда қазіргі жағдай тұрақты. Тәртіп бұзушылық тіркелген жоқ. Мәселенің өзара тиімді шешілуі Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында. Мемлекет басшысы твиттердегі парақшасында Маңғыстаудағы бейбіт шеруге қатысты пікір білдіріп, құқық қорғау органдарына қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеу жөнінде нақты тапсырма берген болатын.