Ақтауда ұшақтар кешігіп, қоғамдық көліктер жұмысқа шыққан жоқ

Маңғыстау облысының әкімі халықтан арандатушылардың арбауына түсіп қалмай, үйлеріне оралуды сұрады. Қазір Ақтаудағы орталық алаңға жиналып жатқан адамдардың саны көбейіп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жасын Біркенов, тілші:

– Алаңға адамдар көптеп жиналып жатыр. Қазірдің өзінде бір мыңдай азамат бар. Шамамен бір сағат бұрын шерушілердің қатарына мұнайшылар, Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты, «Каскормашзауыт» секілді өңірдегі ірі кәсіпорындарының қызметкерлері қосылды. Алаңға жиналған азаматтар бейбіт шеру өткізіп жатқанын айтып кету керек. Ашуға булыққандарды аңғармадық. Арандатушылардың арбауына түсіп қалмауды облыс әкімі де ескертті. Нұрлан Ноғаев көшеге шыққан халық өз еркімен үйлеріне оралатын болса, оларға қатысты ешқандай шара қолданбайды, деп уәде берді.

Бүгін бір топ азамат Ақтау мен Мұнайлы ауданын қосатын орталық жолды жауып тастаған. Сонымен бірге теміржол вокзалына апаратын жолды да халық бөгеп тұр. Бұл ақпарды Мұнайлы ауданы әкімдігі растады. Сондай-ақ Ақтау қаласында қоғамдық көлік жұмыс істемейді. Ұшақтар да кешігіп ұшып жатыр. Әуежайдың ресми сайты да істен шыққан. Анықтама қызметіне де қоңырау соғу мүмкін емес. Сол себепті әуе рейстері туралы ақпар алу қиын.

Президент елдегі жағдайға байланысты бірқатар тапсырма берді.

Бұған дейін үкімет отставкаға кеткен болатын. Премьер-министрдің қызметін уақытша Әлихан Смайылов атқарады. Ерлан Қарин Мемлекеттік хатшы болып тағайындалды. Ал Алматы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай режимі енгізілді. Жалпы бұған дейін Қазақстанда төтенше жағдай неше рет жарияланды. Төтенше жағдай кезінде нені білу керек.

Бұған дейін айтылғандай, газ бағасын арнайы комиссия реттейді. Ал Сенат төрағасы наразылық шарасы диалог негізінде шешілу керектігін айтқан. Сондай-ақ газ бағасының көтерілуіне қатысты тергеу жүріп жатыр.

Осы тақырып бойынша өзге тақырыптар:

Ел неге толқыды

Маңғыстау облысында газ бағасы 50 теңге болды

Ақтөбеде газ бағасы 50 теңгеге түсті

Тоқаев елдегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

Маңғыстау облысының әкімі наразылық білдірген жаңаөзендіктермен кездесті