Наразылық 2022: өңірлердегі ахуалға шолу

Еліміздегі қалалық және аудандық әкімдіктер мен полиция бөлімшелері лаңкестерден босатылып, күшейтілген күзетке алынды. 

Қарағанды облысында күштік құрылымдар өңірді толық бақылауға алды. Бұған дейін жұмысын уақытша тоқтатқан үш зауыттың еңбеккерлері қызметке қайта кірісті. Қарағанды маңына 8 блок-бекет қойылды. Полиция көліктерді жіті тексеріп жатыр. Коменданттық сағатқа байланысты, түңгі он бірден кейін қозғалысқа тыйым салынды. Тұрғындарға да көшеге шығуға болмайды. Жанар-жағар май бекеттерінде сұйытылған газ бағасы 70 теңгеден, бензин 181-182 теңгеден сатылып жатыр. Ірі сауда нүктелері, базарлар, қоғамдық қызмет көрсету орындары штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Шымкентте кәсіпкерлік нысандар мен стратегиялық маңызы бар ғимараттар бүлінді

Шымкентте 10-ға жуық кәсіпкерлік нысан мен стратегиялық маңызы бар ғимараттар бүлінді. Түркістан сарайы мен Көрме орталығы, қазақ драма театры мен қалалық әкімдік ғимаратына зақым келген. Билік өкілдері қазір жағдайдың тұрақталғанын айтты. Қоғамдық тәртіп толық бақылауға алынды.

Таразда орталық алаңды әскерилер бақылап тұр

Кеше бүлікшілер қалалық әкімдікті басып алмақ болды. Алайда, оларға әскерилер тойтарыс берді. Бұған дейін бүлікшілер облыстық полиция департаменті, облыстық әкімдік, қалалық нөмірі бірінші полиция бөлімін тас-талқан етіп қиратып, өртеп жіберген. Нұр-Отан партиясының ғимараты да өртенді. Өңірге коменданттық сағат енгізілді. Бұл облыста кешкі сағат жетіден таңғы жетіге дейін бейберекет жүргендер жауапқа тартылады. Қазір 11 жерде блок-бекет қойылды. Бекеттерге 4 рет қарулы шабуыл жасалған. Бұл туралы облыс әкімінің басапасөз қызметі хабарлады.

Семейде жағдай тұрақталды

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қаладағы кәсіпорындар мен қаржы мекемелерінің өкілдерімен кездесті. Шаһар өмірін қамтамасыз ететін барлық қызмет штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жиын барысында Даниал Ахметов қала тұрғындары әлеуметтік төлемдер мен зейнетақысын уақытында алатынын атап өтті. Бұл үшін банк секторы қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген.

 

Президент елдегі жағдайға байланысты бірқатар тапсырма берді.

Бұған дейін үкімет отставкаға кеткен болатын. Премьер-министрдің қызметін уақытша Әлихан Смайылов атқарады. Ерлан Қарин Мемлекеттік хатшы болып тағайындалды. Ал Алматы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай режимі енгізілді. Жалпы бұған дейін Қазақстанда төтенше жағдай неше рет жарияланды. Төтенше жағдай кезінде нені білу керек.

Бұған дейін айтылғандай, газ бағасын арнайы комиссия реттейді. Ал Сенат төрағасы наразылық шарасы диалог негізінде шешілу керектігін айтқан. Сондай-ақ газ бағасының көтерілуіне қатысты тергеу жүріп жатыр.

Осы тақырып бойынша өзге тақырыптар:

Ел неге толқыды

Маңғыстау облысында газ бағасы 50 теңге болды

Ақтөбеде газ бағасы 50 теңгеге түсті

Тоқаев елдегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

Маңғыстау облысының әкімі наразылық білдірген жаңаөзендіктермен кездесті