Елін қорғауға ниетті еріктілер көп

Елордада күштік құрылымдарына қолғабыс еткісі келетін еріктілер саны артып келеді.

Бүгін бір топ азамат қорғаныс істері департаментіне барып, өз көмектерін ұсынды. Мамандар, оларға «Халық сақшылары» жасағына қосылуға ұсыныс білдірді. Жасақ мүшелерінің саны күн санап көбейіп жатыр. Олар қажеттілік туындаған жағдайда елордадағы маңызды мемлекеттік нысандар мен қаланың тыныс-тіршілігіне жауапты кәсіпорындарды күзетеді. Ұлтжанды азаматтар мұнымен шектелмей, блок бекеттерге барып, әскерилерге ыстық тамақ таратты.

Ғани Артықов, Қорғаныс істері департаментінің өкілі:

- Еліміздің тыныштығын сақтауға көмектесеміз, қол ұшын береміз, еліміз үшін тұрамыз деген азаматтар көп келіп жатыр, телефон шалып жатыр. Осы азаматтардың барлықтарын біз қазір қаламызда құрылып жатқан «Халық сақшысы» жасақтарын жасақтауға жіберіп жатырмыз. Бүгінгінің өзінде жүздеген адамға жетті. Халық сақшылары еріктілер жасақтарына қосылу үшін Қорғаныс істері департаменттеріне, басқармаларына жергілікті және әкімдіктерге барып өз өтініштерін білдіру керек.

Бауыржан Зікірия, қала тұрғыны:

- Әрбір азаматтың азаматтық борышы елдің тұтастығын сақтау және қазіргі болып жатқан жағдайларға өз позициясын білдіріп, азаматтық позициясын көрсету. Мына жерге жиналған жігіттердің барлығы бір жерде жұмыс істеп немесе біреудің айдауымен келгендер емес өз еріктерімен хабарласып келген кісілер. Қазіргі мәселеге бос қарамай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ауызбіршілікті сақтау, соған қол ұшын беру.

Президент елдегі жағдайға байланысты бірқатар тапсырма берді.

Бұған дейін үкімет отставкаға кеткен болатын. Премьер-министрдің қызметін уақытша Әлихан Смайылов атқарады. Ерлан Қарин Мемлекеттік хатшы болып тағайындалды. Ал Алматы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай режимі енгізілді. Жалпы бұған дейін Қазақстанда төтенше жағдай неше рет жарияланды. Төтенше жағдай кезінде нені білу керек.

Бұған дейін айтылғандай, газ бағасын арнайы комиссия реттейді. Ал Сенат төрағасы наразылық шарасы диалог негізінде шешілу керектігін айтқан. Сондай-ақ газ бағасының көтерілуіне қатысты тергеу жүріп жатыр.

Осы тақырып бойынша өзге тақырыптар:

Ел неге толқыды

Маңғыстау облысында газ бағасы 50 теңге болды

Ақтөбеде газ бағасы 50 теңгеге түсті

Тоқаев елдегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

Маңғыстау облысының әкімі наразылық білдірген жаңаөзендіктермен кездесті