Алматы лаңкестерден тазартылып жатыр

Қалада қазір 13 әскери бекет жұмыс істеп тұр. Шаһарға кіріп-шыққан көліктер мен адамдар жіті тексеріледі. Кешелі-бері тәртіп сақшылары жол бойында күдіктілерді ұстаған, деп хабарлайды Хабар 24.

Алматыда жағдай тұрақталып келеді. Күштік құрылым өкілдері шаһардың кіріс және шығыс жолдарын толық бақылауға алды. Енді қаскөйлердің қозғалысын тоқтату үшін елдің қарулы күштері әрбір көлікті жіті тексеріп жатыр. Көп көліктің ішінен қару жасырған қаскөйлер де қолға түскен.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

– Қазір біз Алматы қаласынан Іле ауданына шыға берістегі блокбекеттердің бірінде тұрмыз. Жалпы шаһардан шығаберіс және кіреберіс жолдарға дәл осындай 13 бекет қойылған. Бұл жерде қарулы жасақ қалаға кіріп шығатын әрбір көлікті тоқтатып, жүргізушісіне және ішіндегі жолаушылардың құжаттарын тексереді. Сонымен қатар көліктің құжатын және көліктің ішінде қаладағы бұзақылық кезінде ұрланған тоналған заттардың бар-жоғын тексереді. Қарулы жасаққа жол-патрульдік полициясы да көмекке келеді. Ал түнгі 11-ден кейін бұл жер мүлде жабылып, қатынас тоқтайды.

Жалпы қазір қалада ереуілдетіп жүрген бейбіт тұрғын жоқ. Десе де лаңкестік топтардың әрекеті тиылмай тұр. Олар кез келген бұрыштан шығып, шабуылдауға көшкен.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

Алматының орталық алаңына жақын маңда тұрмыз. Әдетте бұл жерде адам қарасы қалың, көліктер кептелісте тұратын. Ал бүгін мүлгіген тыныштық. Себебі жарты сағат бұрын осы жерде атыс болған. Оның соңғы іздері міне тұр. Қираған көлік.

Қалыптасқан жағдай тұрғындардың тұрмысына кесірін тигізіп жатыр. Тоналған дүкен, соғылған-өртенген көлік көптің көңіліне үрей ұялатты. Бұқара мың бояулы әсем Алматының осындай күйге түскеніне налиды және жағдайдың тез арада қалыпқа келіп, мамыражай күн орнауын тілейді. Сондықтан әскерилердің әрекетін қолдайды.

Қазір ел әскерінің жауынгерлік әзірлігі қорғаныс жоспарына сақадай сай. Әскерилерді ауыстыру жаттығуға қатысты барлық іс-шара жоспар бойынша жүріп жатыр. Қатаң бақылау қаладағы ахуал әбден тұрақталғанша жүргізіледі.

Бұған дейін үкімет отставкаға кеткен болатын. Премьер-министрдің қызметін уақытша Әлихан Смайылов атқарады. Ерлан Қарин Мемлекеттік хатшы болып тағайындалды. Ал Алматы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай режимі енгізілді. Жалпы бұған дейін Қазақстанда төтенше жағдай неше рет жарияланды. Төтенше жағдай кезінде нені білу керек.

Бұған дейін айтылғандай, газ бағасын арнайы комиссия реттейді. Ал Сенат төрағасы наразылық шарасы диалог негізінде шешілу керектігін айтқан. Сондай-ақ газ бағасының көтерілуіне қатысты тергеу жүріп жатыр.

Осы тақырып бойынша өзге тақырыптар:

Ел неге толқыды

Маңғыстау облысында газ бағасы 50 теңге болды

Ақтөбеде газ бағасы 50 теңгеге түсті

Тоқаев елдегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

Маңғыстау облысының әкімі наразылық білдірген жаңаөзендіктермен кездесті

10 қаңтар Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды