Елімізде екі экстремистік топ құрықталды

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2022 жылдың 4 мен 8 қаңтар аралығында Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке қатынасқан екі экстремистік топты құрықтады.

Ал 9 қаңтарда экстремистік әрекетке алдап-арбау, экстремистік ұйымға басшылық ету және оған қатысу, сондай-ақ жаппай құқыққа қайшы акцияларды жүргізу күдігімен бір ұяшықтың 4 мүшесі ұсталды.

«Тұрғылықты мекендерін тексеру барысында атылатын қару, дыбыс-жарық гранаталар, оқ-дәрілер және діни әдебиеттер заттай айғақ ретінде тәркіленді.

Ұйым жетекшісі халықаралық террористік ұйыммен байланысы бар, жаппай тәртіпсіздікке белсенді түрде атсалысқан шетел азаматы болып табылады», – делінген ҰҚК таратқан мәліметте.   

Ведомство ақпарынша, ол Қазақстанға жаппай құқыққа қайшы акцияларды дайындап, билік органдары мен қарулы құрылымдарға шабуыл жасау үшін келген. 

Енді оның көмек берушілерін іздестіру ұйымдастырылды.

Тергеу қызығушылығына сәйкес кейбір ақпараттарды жариялау әзірге мүмкін емес.

«Сонымен қатар кейбір БАҚ-та және әлеуметтік желілерде ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментінен қару-жарақтар, оқ-дәрілер, басқа да мүліктер ұрланғаны жайында таралған ақпараттар жалған болып табылады», – деді министрліктегілер.

Террористік қауіптің «қызыл» деңгейінің талаптарына сәйкес, департамент күшейтілген тәртіпте қызмет атқаруда.