Жан дегенде жалғыз баламыз еді – Қаза тапқан сарбаздың әкесі

Елдегі жаппай тәртіпсіздік кезінде шейіт болған Ұлттық ұланның қос бірдей сарбазы Қайсаров Мадияр мен Аманов Айбат ІІІ дәрежелі «Айбын» орденіне лайық деп танылды. Сәйкесті құжатқа ел Президенті қол қойған. Ал қос батырдың туған жері Қарағандыдағы Ұлттық ұланның 5451 әскери бөлімінде осы бір қаралы күні шейіт болған сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алу рәсімі өтті.

Қарағандыдағы Ұлттық ұланның 5451 әскери бөлімі бұл. Сап түзеген сарбаздардың қарсы алдында елі үшін қасқайып тұрып қаза тапқан Қайсаров Мадияр мен Аманов Айбаттың суреті тұр. Небәрі 19 жасында шейіт болған қос сарбаз қазір қатарластарына ерліктің көрінісі ретінде насихатталып жатыр.

«Ұлттық ұлан елі үшін етігімен су кешкен сарбаздарды ұмытпайды», - дейді командирлер.

Қанат Беляков, Ұлттық ұлан "Орталық" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары: 

- Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жарлығымен бүкіл 16 қаза болған ішкі істер органдары мен басқа да сала қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Соның ішінде Ұлттық ұлан қатарында болған Қайсаров Мадияр, Аманов Айбат қайтыс болғаннан кейін 3-дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.  

Мадияр Қайсаровтың әскердегі алғашқы күндері ата-анасына жіберген суреттері осындай. Әскерге аттанып бара жатқан кезінде енді оралмайтынын білмеді де. Көңілге медеуі батырдың елі үшін туып, елі үшін жан қиғаны. Бүгін марқұмның әкесіне күрең берет тапсырылды. Ол әскер қатарында тапсырманы бұлжытпай орындап, антқа адал болғандарға ғана табысталады.

Оразалы Қайсарұлы, марқұмның әкесі:

- Біздің жан дегенде жалғыз ұлымыз еді. Бала кезінен зерек болып өсті. Кейін қасымнан қалмай еріп жүретін серігім олды. Бірге көлігімізді жөндеп, бірге әр нәрсені талқылайтынбыз. Достары көп еді. Әскерге де ойламаған жерден кетті де қалды. Қоштасып та үлгірмедік. Енді келеді деп жүрген кезде осындай жағдай болды. Ерлігін ескеріп, көңіл бөліп жатқандарға алғыс білдіремін.

Қазіргі есеп бойынша елдегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде әскери саланың 16 қызметкері қаза болған. 400-ден астам әскери түрлі деңгейде жарақат алған. 90-ға жуық техника өртелген. Елдегі барлық әскери бөлімдерде ерлікпен қаза тапқандарды еске алу рәсімдері өтіп жатыр.

Президент елдегі жағдайға байланысты бірқатар тапсырма берді.

Бұған дейін үкімет отставкаға кеткен болатын. Премьер-министрдің қызметін уақытша Әлихан Смайылов атқарады. Ерлан Қарин Мемлекеттік хатшы болып тағайындалды. Ал Алматы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай режимі енгізілді. Жалпы бұған дейін Қазақстанда төтенше жағдай неше рет жарияланды. Төтенше жағдай кезінде нені білу керек.

Бұған дейін айтылғандай, газ бағасын арнайы комиссия реттейді. Ал Сенат төрағасы наразылық шарасы диалог негізінде шешілу керектігін айтқан. Сондай-ақ газ бағасының көтерілуіне қатысты тергеу жүріп жатыр.

Осы тақырып бойынша өзге тақырыптар:

Ел неге толқыды

Маңғыстау облысында газ бағасы 50 теңге болды

Ақтөбеде газ бағасы 50 теңгеге түсті

Тоқаев елдегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

Маңғыстау облысының әкімі наразылық білдірген жаңаөзендіктермен кездесті

10 қаңтар – Жалпыұлттық аза тұту күні