Атырауда жаппай тәртіпсіздікке қатысқан күдіктілердің саны артты

Жедел іздестіру шарасы нәтижесінде 275 күдікті тұтқындалды, деп хабарлайды Хабар 24.

Олар ереуіл кезінде тәртіп сақшыларына қарсылық көрсетіп, облыстық әкімдік ғимаратына басып кіруге қамданған. Сондай-ақ Мақат стансасында теміржолды жауып, Алматы – Атырау, Ақтөбе – Атырау және Маңғыстау – Атырау жолаушы поездарының кестесіне кедергі келтірді. Көптеген жүк поездары да стансада қаңтарылып қалды. Қазір облыстағы жағдай толық бақылауда. Барлық әлеуметтік нысандар қалыпты жұмысқа ырғағына көшті. Дегенмен аймақта төтенше жағдай талабы қатаң сақталған. Тәртіп сақшылары облыс орталығына кіретін негізгі төрт жолдың торабына бақылау бекеттерін орнатты. Сондай-ақ қала ішінде де беймезгіл уақытта жүргендер қатаң тексерілуде. Өткен тәулікте бақылау бекеттерінің бірінде тоқтатылған автокөліктен 10 аңшы пышағы мен 10 әскери қысқы киім табылған.

Мейірім Ердәулетова, облыстық ПД ресми өкілі:

– Қазіргі таңда анықтау-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ қала аумағында 4 азамат ұсталды. Оларды тексеру кезінде 736 таблетка түріндегі, 236 ампула түріндегі әсері жоғары психотропты дәрілер, екі тапанша тәркіленді.