Павлодарда депутаттар қан тапсырды

Павлодар өңірінің депутаттары Алматы қаласындағы бүлікте зардап шеккендер үшін қан тапсырып жатыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Бүгін 200-ге жуық адам қан орталығына келді. Қарапайым тұрғындар да көмектесуге дайын. Қазір аудандар мен қаладағы 14 қоғамдық қабылдау орындарының жұмысы қайта жанданды.

Айта кетейік, Павлодар облысындағы жағдай тұрақты. Құқыққорғау органдары күшейтілген жұмыс кестесіне көшкен. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыс аумағына кіру шектелген.

Света Әбдіраманова, облыстық мәслихат депутаты:

– Террористердің кесірінен, әсіресе, Алматы тұрғындары зарлап қалды. Енді иеледидардан оның бәрін көріп жатырмыз. Дәрігерлерді ұрып-соғып, жедел-жәрдем көліктерін аударып, тағы да басқа түрлі әрекеттер көрсетілді. «Күшіміз бірлікте» деп айтқандай, әрине, біріксек, біз бұл жағдайды жеңеміз.

Илья Теренченко, облыстық мәслихат депутаты:

– Бұл бастаманы бірауыздан қолдадық. Жиналып, зардап шеккен алматылықтарға көмек көрсетуде ұйғардық. Халық қалаулылары төтенше жағдайда қызметтерін атқарып жатқан әскерилерге де қолдау көрсетуде. Блокбекеттерде кезекте тұрғандарға азық-түлік апарып, барынша көмектесуде.