Алматыда бүлікшілер әскери клиникалық госпитальге шабуыл жасамақ болды

Алайда шұғыл қабылданған сақтық шараларының арқасында қауіптің беті қайтарылды. Қазір онда тәртіпсіздік кезінде жараланған жауынгерлер ем алып жатыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Әскери қлиника дәрігерлері қазір күн-түн демей жұмыс істеп жатыр. Өйткені жараланған жауынгер көп. Мұнда Қорғаныс министрлігімен қатар Ұлттық қауіпсіздік қызметі мен Ішкі істер министрлігінің де жараланған жауынгерлері жеткізіледі. Осыған кедергі келтіргісі келді ме, әйтеуір бүліктішілер госпиталді төңіректеген. Сондықтан шұғыл түрде сақтық шаралары қабылдапты.

Ғалымжан Омаров, медицина қызметінің полковнигі:

– Госпитальдің сыртындағы жазуды алып тастадық. Осылай қарай бағдар беретін қағаздардың бәрін алып тастап, госпиталь қазір жай аурухана деген аңыз таратты осы жердегі адамдарға.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

– Қақтығыс кезінде жарақат алғандардың көбісін дәл осы госпитальге алып келіп жатыр. Көріп тұрғандарыңыздай тағы бір әскери қызметкер жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Жалпы бұл госпитальге 5-6 қаңтардан бері лаңкестер бірнеше рет шабуыл жасауға тырысқан. Алайда қарулы күштеріміз оларға кері тойтарыс берді. Қазір іштегі жарақат алған әскерилермен сөйлестік.

Олардың айтуынша, қақтығыс кезінде ешқандай қару болмаған. Сондықтан қарулы жасақ шабуылдағанда ешқандай тойтарыс бере алмағанын айтады. Көбісінің бас ми, бассүйегі сынған, миы шайқалған. Сондай-ақ атыс кезінде сүйегі сынған. Бірақ қазір дәрігерлер олардың дәрігерлер қажетті көмекті көрсетіп жатыр.

Қақтығыс кезінде жарақат алғандардың бірі – Атабек Әбдіраймов. Шеру басталған кезде оны тоқтату туралы бұйрық алып, орталық алаңға келген. Түрлі таяқ, темірмен қаруланған ашулы топ, бұларды форманы шешіп, қатарына қосылуға шақырыпты. Көнбеген соң соққыға жыққан. Өзінің басы жарылып, мұрны сынды. Әріптесі ес-түссіз қалған. Оны қолтықтап, госпиталға өздері жеткен.

Атабек Әбдірайымов, 12881 әскери бөлімінің капитаны:

– Үйлердің арасымен келесі әкімдіктің көшесіне қарай шығып, әскери госпитальге қарай жол алдық. Машиналар тоқтамады басында. 500-600 метрдей жүріп бардық. Сол жерден бастап бір әйел кісі тоқтап, жарты жолға дейін жеткізді. Сол жерден әрі қарай өздеріңіз жетіп алыңыздар мен семьяма кетем деп ол кісі жүріп кетті. Біз сол жерден такси ма, жолаушы машинаны ұстап, осы жерге дейін сол кісі жеткізіп тастады.

Ауруханада жатқан жауынгерлерге 40-тан астам ота жасалған. Бір науқас жан сақтау бөілімінде жатыр. Жағдайы орташа ауыр. Қалғандарының өміріне қауіп жоқ.

– Ең ауыр жарақат бас ми жарақаты. Бас сүйегінің сынуы және миға қан құйылуы. Ал дене жарақаттары сүйек сынығы. Олар түскен күні ота жасалып, қазіргі жағдайда жағдайлары тұрақталды.

Дәрігерлердің айтуынша, қазір жағдай тұрақталды. Жаңадан жарақат алып келіп жатқандар өте аз.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Еділ Ермекбаев