Шымкентте бүлікшілер дәрігерлердің жұмысына кедергі келтірген

Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы Ғалымжан Майханов  сол күні  алаңға жиылған жұрттың талап-тілегін тыңдау үшін шыққан еді. Алайда жедел-жәрдем көлігінің жолын бөгеп тұрғандардың әрекетін көріп, шыдай алмаған, деп хабарлайды Хабар 24.

Ол халықты сабырға шақырып, жағдайды тұрақтандыруға тырысты. Ардагерді танып, сөзіне тоқтағандар да болды.

Ғалымжан Майханов, қалалық ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы:

– Жолдың бәрін жапты. Мына бағытты жапты, ананы жапты. Сол жақтан жедел-жәрдем машиналары келіп қалды. Енді халық болғасын оны тыңдайды ма? Қой тұра берсін деген әңгімелер де кетіп жатты. Сосын шығып, қасымдағы 4-5 ауған ардагерлері бар еді. Соны ажыраттық. Әйтеуір басу айттық. «Қойыңдар, жігіттер. Бұл болмайды. Мұндай бұзақылыққа жол жоқ. Митинг бола ма бейбіт шеру митингі болсын!» деп.

Оң иығына оқ тиіп, ауыр жарақат алған сарбаз, ардагер мен дәрігерлердің жедел әрекеттерінің арқасында ауруханаға дер кезінде  жеткізілді.  Жедел операция жасалып, сынған қолын таңып берді. Қазір Самандар Бақтиярұлының өміріне ешқандай қауіп  жоқ. 21 жастағы жігіт  Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінде бөлімше командирі болып қызмет етеді.

Самандар Бақтиярұлы, Ұлттық ұланның бөлімше командирі:

– Сағат екілердің шамасында иығыма оқ тиді. Ауруханаға жергілікті қызметкерлер алып келді. Сол ғана есімде.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде жалпы 120 адам медициналық көмекке жүгінді. Қазір оның 48-і ауруханада ем қабылдап жатыр. Науқастардың бесеуі жан сақтау бөлімінде.

Бақытжан Позилов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Дәл қазір Шымкент қаласындағы ауруханаларда 40-тан аса науқас ем қабылдап жатыр. Көбінесе зақым түрлері оқпен жарақат, пышақпен сұғылған жарақат және ұрылған, соғылған жарақаттар.

Қақтығыс кезінде медициналық қызметкерлердің өзі де соққыға жығылды. Жеті жедел жәрдем көлігіне шабуыл жасалып, екі дәрігер жарақат алды. Бүгінде олардың денсаулығы жақсы.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов