ШҚО-да қаза тапқан 16 әскери және полиция қызметкеріне тағзым етілді

Шығыс Қазақстан облысында болған жаппай бүлік кезінде 69 полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан сарбаздары зардап шекті, деп хабарлайды Хабар 24.

Жаужүрек жігіттеріміз қаңтардың бесі күні Өскемен мен Семей қаласында басбұзарларды қоршауға алып, тойтарыс берді. Ел тыныштығы үшін жанын құрбан еткен жауынгерлердің есімі ешқашан ұмытылмайды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының сарбаздары ұрыс кезінде шейіт болған марқұмдардың рухына тағзым етті. Өңірдің күштік құрылымдары Өскемен мен Семей қалаларында мұздай қаруланған 3 мың адамға тойтарыс беріп, ерліктің үлгісін көрсетті.

Берік Тоқтаров, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы бас қолбасшысының орынбасары:

– Алаңға жиналғандардың арасында бензинмен жұмыс істейтін ара алып келгендер де болды. Олар ағаш бұтақтарын кесіп, таяқ дайындап, басбұзарларға таратты.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде 69 полиция қызметкері мен әскерилер түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Солардың бірі – бес баланың әкесі, сержант Асхат Намазбаев. Бұл күні жұбайы оның халін білуге келсе, әріптестері батырға қою қызыл жолақ жейде тапсырды.

Қазір жаужүрек жауынгердің денсаулығы жақсы, сауығып келеді. Бұл күні алаңдағы әр сарбаз өзінің міндетін абыроймен атқарды, – дейді ол.

Асхат Намазбаев, Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының сержанты:

– Кешке жақын сол бейбіт митингіге келіп, ешқандай күш қолданған жоқпыз. Өйткені бейбіт адамдар деді бізге, сосын қоршап тұрдық. Бір кезде аяқ астынан белгісіз адамдар жан-жақтан шабуыл жасап, қолына түскен кез келген заттармен атқылай бастады.

Бүгін Мемлекет басшысының жарлығымен ерлікпен қаза тапқан 16 әскери және полиция қызметкері марапатталды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин