Семейде әскери бөлімнің 11 сарбазы жараланды

27 жастағы Мұхтар Үсенов жаппай бассыздық болған түні оқ жарақатымен ауруханаға түсті. Қолына қару алып алаңға шыққандардың бірі оның тура аяғына атқан.

Әскери қызметкер ол кезде қатарластарына болысып жатқанын айтады.

Мұхтар Үсенов, 55/11 әскери бөлімінің бөлімше командирі:

– Қандай да бір адамдар жүгіре бастады. Сол уақытта жеке құрамды сақтау үшін алға ұмтылдым. Жеке сарбаздарым құлаған кезде көтере бастаған кезде аяғыма үлкен оқ тигенін сездім.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен әскери қызметкерлердің жағдайын білуге бүгін қатарластары келді. Олардың бәрі – сол түні мемлекеттік нысандарды қорғап, қаруланған топқа қарсы шыққандар. Жалпы, қақтығыс кезінде әскери бөлімнің 11 қызметкері жарақат алған.

Қуаныш Қасымов, травматология бөлімшесі меңгерушісінің м.а.:

– Оң жақ табанының оқ жарақаты мен екінші табан сүйегінің ашық сынығы диагнозімен бізге жатқызылған. Біздің тарапымыздан өте сапалы медициналық көмек көрсетіліп жатыр, бүгінгі таңда науқастың жағдайы тұрақты.

Полиция депатартаменті хабарлағандай, бүлік болған түні 70-ке жуық әскери және құқық қорғау қызметкері жарақаттанды. Сонымен қатар 20-дай арнайы көлікке зақым келді. Осы оқиғаға байланысты 1 мыңнан аса адам ұсталды.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Әсем Өтешева, Берік Жобалайұлы