Халық үніне құлақ асатын мемлекет құруға бағытталған өзгерістер жүзеге асып жатыр

Елдің жаңа Премьер-Министрі Әлихан Смайылов. Мәжілістің жалпы отырысында Президенттің ұсынған кандидатурасы депутаттар тарапынан бір ауыздан қолдау тапты.

Әлихан Смайылов бұған дейін Премьер-Министрдің міндетін атқарды. 1972 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әр жылдары Статистика жөніндегі комитет төрағасы, Президент көмекшісі, Қаржы министрі қызметтерін атқарды. 2019 жылдың 25 ақпанында Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – Қаржы министрі қызметіне тағайындалған болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Конституцияның 44-бабына сәйкес, ҚР Премьер-министрі лауазымына келісім беру үшін Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын Мәжілістің қарауына ұсынамын. Ол тәжірибелі маман. Еңбекқор мемлекеттік қызметші. Статистика жөніндегі агенттіктің төрағасы, Президент көмекшісі, Қаржы министрі, Премьер-министрдің бірінші орынбасары болды. Қазақстан экономикасы туралы көзқарасы дұрыс. Нақты жоспары бар. Үкіметтің жұмысын жақсы біледі.  

Депутаттар Әлихан Смайыловтың қаржы және экономика салаларын жетік меңгерген маман екенін ерекше атап өтті. Жаңа тағайындалған Үкімет басшысы бұған дейін Мәжіліспен тығыз жұмыс жүргізіп, ел бюджетін қалыптастыруға белсенді атсалысқан. Алдағы уақытта Үкімет алдында нақты мақсаттар тұр, деді депутаттар. Әлихан Смайылов осы міндеттерді атқаруға лайық деген пікір айтылды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Қазіргі кезде халық үніне құлақ асатын мемлекет құруға бағытталған өзгерістер жүзеге асып жатыр. Азаматтардың заңды талаптары ескеріліп, жүзеге асатын болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтың жағдайын жақсарту бойынша тапсырмаларының үкімет үшін басым болады. Үкімет Президенттің Жолдауын, реформаларын, бағдарламалық құжаттарды жүзеге асырады. Макроэкономикалық саясатты іске асыру, инфляцияны төмендету, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды міндет болып табылады.