Өңірде ескі нысандар қалпына келтіріліп жатыр. Бөлінген қаржы да аз емес. 6,5 миллиард теңге, деп хабарлайды Хабар 24.
Сол жөнделіп жатқан нысандардың бірі – Қарабалық ауданындағы ауылдық мәдениет үйі. Заман талабына сай жабыдқталып, ауылдың игілігіне берілетін нысан іші – өнерпаздарға толатынына сенімді жергілікті халық. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының ел ішіндегі бір көрінісі осы.
Жарты ғасыр бұрын салынған Научный ауылындағы клуб осы кезге дейін бір сылақ көрмеді. Төбесі тесіліп, едендері тозған мәдениет ошағын ретке келтіру мәселесі талай мәрте көтерілген. Дегенмен осындай қиындықтарға қарамастан қолданбалы өнер және спорт үйірмелері үздіксіз жұмыс істеді.
Анастасия Шпигун, хореограф:
– Ғимарат ескі болғандықтан іші суық еді. Терезелерінен жел кіретін. Жарық бірде бар, бірде жоқ. Бұның бәрі өнерпаздарға қиындық тудыратын.
Ғимараттың жылу, кәріз жүйелері толық жаңартылды. Қазір құрылысшылар қасбеті мен ішкі әрлеу жұмыстарын аяқтауға жақын.
Дәулет Байыров, дәнекерлеуші:
– Ағаштан жасалған едендерің бәрін ауыстырдық. Барлық бөлмеге аспалы төбелер орнаттық. Қысқасы күрделі жөндеу жұмыстары тұрғындардың көңілінен шығуы тиіс.
Роза Домалақова – ауылдың байырғы тұрғыны. Кітапханада жұмыс істейді. Бос уақытында 6 адамнан тұратын ансамбльде халық әндерін шырқайды. Өзгелер сияқты ол да жаңа мәдениет үйінің ашылуын асыға күтеді.
Роза Домалақова, Научный ауылының тұрғыны:
– Ұжымымызбен репетиция өткізбегелі біраз уақыт болды. Күрделі жөндеу жұмыстары ойдағыдай. Ғимаратымыз күннен-күнге ажарланып келеді. Енді жаңа клубтың іші өнерпаздарға толатынына сенемін.
Научныйдан кетіп жатқандар жоқ. Керісінше жастар көптеп туған елге оралып жатыр. Талпынғанға жұмыс табылады. Орталықтандырылған су мен газ бар. Өмір сүруге ыңғайлы.
Марина Шуменова, Белоглин ауылдық округінің әкімі:
– Мәдениет үйі ауыл үшін өте қажет дүние. Себебі халықтың өсімі, жастардың жағдайы тұрақтанып келеді. Шығармашылықпен айналысатын кісілер көп. Қазір 95 адам клуб ішіндегі қолданбалы өнер, хореография сияқты үйірмелерге қатысады.
Мәдениет ошағы мемлекеттік бағдарлама аясында жаңа кейіпке еніп жатыр. Ол үшін 120 миллион теңге бөлінді. Одан қалды биыл ауыл ішіндегі бір шақырымдай жолға асфальт төселді. Келер жылы тағы бес шақырымы қалпына келтірілмек.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров