Шаруаларға берілетін несие көлемін ұлғайту ұсынылды

Ауыл шаруашылығы министрлігінде егіс науқанын үйлестіру бойынша жедел штаб құрылды, деп хабарлайды Хабар 24.

Шаруаларға «Кең дала» бағдарламасы арқылы 70 миллиард және азық-түлік келісімшарт корпорациясынан 80 миллиард теңге көлемінде жеңілдікпен несие беріледі. Былтырғы құрғақшылық әрі қосалқы бөлшектер мен жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштардың күрт қымбаттауы биылғы науқанға кері әсе етпек. «Осыған байланысты республикалық бюджетті нақтылау кезінде көктемгі дала жұмыстарына бюджет есебінен берілетін несиені ұлғайтуды ұсынамыз»,– деді министр. Ербол Қарашөкеев диқандарды қолжетімді жанармаймен қамтамасыз ететіндерін де айтты.

Ербол Қарашөкеев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

– Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге нарықтық бағадан 15%-ке төмен бағамен кемінде 380 мың тонна арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері шешілуде. Отандық минералды тыңайтқыш өндірушілермен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Тұқым, тыңайтқыш пен пестицид сатып алуды субсидиялауға 2022 жылы 70 млрд. теңге көзделді. Облыстардың деректері бойынша 2022 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,9 млн. гектар алаңға егу жоспарлануда, бұл 2021 жылғы деңгейден 13,5 мың гектарға көп.