Павлодарда қоғамдық көліктердің жүру кестесі ауыстырылды

Павлодарда қоғамдық көліктердің жүру кестесі ауыстырылды
pavlodarnews.kz

Қала әкімдігі Павлодар облысы комендатурасының келісімі бойынша ТЖ кезеңінде қоғамдық көліктің жұмыс кестесін қайта қарау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

–  Автобустардың үлкен және шағын класты маршруттарының негізгі қозғалысы 06.00-ден 21.00-ге дейін жүзеге асырылады. Трамвайлар сағат 07.00-ден 23.00-ге дейін жүреді. Сондай-ақ Павлодар қаласының ауылдық аймағының тұрғындарын тасымалдауды жүзеге асыратын қоғамдық көлік бағыттарының жұмыс уақыты ұлғайтылды. Таңертеңгі сағат 7-ден жұмыс істейтін маршруттардың жүргізушілері мен кондукторларына жұмыс орны мен кестесін растайтын анықтамалар берілді. Автокәсіпорындардың жұмысқа тартылған қызметкерлерінің тізімі Павлодар облысының комендатурасына берілді, - дейді қалалық әкімдікте. 

Кәсіпорындар таңертең қызметкерлерді автопарктерге дейін  тасымалдауды қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта облыс орталығында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша іс-шараларды қамтамасыз етуге 15 автобус тартылған. Әкімдік  осы күндері қалаға көмектескен автокәсіпорындардың басшылары мен қызметкерлеріне алғыс білдіреді. 

Еске сала кетейік, қала ішінде автобустар 33 бағытта қатынайды. Бұған дейін ТЖ режиміне байланысты автобустар кешкі сағат 20:00-ге дейін қатынаған болатын.