434,34 496,10 5,64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Павлодарда жалдамалы пәтерлер тексерілуде

  • 51
  • UPD: 16:17, 12.01.2022

Ертіс өңірінің комендатурасы аймақтағы жалдамалы пәтерлерді тексере бастады, деп хабарлайды Хабар 24.

Мақсат – жаппай бүлікке қатысы бар күдіктілерді анықтап, тиісті шараларды қолға алу. Бүгінгі таңда облыс орталығында 600-ге жуық пәтер жалға берілуде. Қазіргі уақытта нысандардың басым бөлігіне рейд жүргізілген. Тексеріс барысында онда тұратын азаматтар туралы мәліметтер жиналды. Әсіресе көрші ел азаматтарының құжаттары қаралған. Олардың қатарында көші-қон заңнамасын бұзғандар анықталып, тиісті жаза қолданылды. Сонымен қатар тәртіп сақшылары халықтан алған әр хабарлама бойынша жұмыс атқаруда. Полицияға тәулігіне 1 200-ден астам қоңырау түскен. Павлодарлықтар көбінесе күдікті тұлғалар туралы хабарлап отырған. Еске салсақ, қазіргі таңда тәртіп сақшылары жаппай тәртіпсіздік кезіндегі материалдар мен бейнежазбаларды жіті тексеруде. Нәтижесінде құқық қорғаушылар 900-ға жуық азаматты ұстаған.

Нұрлан Мәсімов, облыстың бас коменданты:

– Жалдамалы пәтерлерді не үшін тексеріп жатырмыз? Себебі бұл жерлерде күдікті азаматтар тұруы мүмкін. Көші-қон заңнамасын бұзушылар да тіркелді. Шетелдіктердің облысқа келу себебін сұрастырып, құжаттарын тексердік. Арасында күдіктілер де бар. Олармен тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.

Хабар 24 телеарнасы