«Қазақстан халқына» қорының құрылымы бөлек болмақ

Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырды, деп хабарлайды Хабар 24.

Ол мұқтаж тұрғындарды жан-жақты қолдауға бағытталған ауқымды жоба болмақ. Аталған қор ешбір мемлекеттік органға қарамайтын, дербес, нағыз халықтық сипатта болады. Білікті бақылаушысы бар, жауапты басшы тағайындалып, қызметі мен бюджеті бұқараға ашық жүргізіледі. «Қазақстан халқына» қорына еліміздегі ірі бизнес нысандары, ауқымды компаниялар мен ауқатты тұлғалар жүйелі түрде аударым жасап тұруы тиіс. Президенттің айтуынша, бүгін халық өзіне тиесілі үлесті алатын кез жетті.

Ерлан Мадиев, әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

– Қазақстан халқына қорының мәселесі өте маңызды мәселе. Бұл жердегі басты месседж – Қазақстанның ірі ұлттық компаниялары, ірі бизнесі, соның ішінде белгілі бір азаматтар, яғни осы тәуелсіздік кезінде қомақты қаржы жинаған азаматтар, енді осы қаржысымен қоғаммен бөлісуі керек. Өзінің әлеуметтік функцияларын орындауы қажет деп Президент айтты. Сондықтан да бұл қордың құрылымы бөлек болады. Ол өте уникалды құрылым болады. Ол мемлекетке тікелей бағынбайды, дербес орган болады. Оның басты функциясы, әрине халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту.