Елорда коменданты тұрғындарға үндеу жолдады

Нұр-Сұлтан қаласының коменданты Ержан Сәденов қала тұрғындарын төтенше жағдай режимі аясында қабылданған шараларды бұзбауға шақырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты комендатураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Коменданттың айтуынша, елордада жағдай тұрақты. Бір тәулік ішінде қалада 8 қылмыс жасалды, 83 жол-көлік оқиғасы тіркелді, нәтижесінде екі адам зардап шекті.

Сондай-ақ, 464 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 183-і тиісті ережелерді бұзу, 36-сы қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктерді ішу және 18-і халықтың көші-қоны саласында бұзушылық фактілері.

Естеріңізге сала кетейік, қала периметрі бойынша тәулік бойы 6 блокпост жұмыс істейді.

Төтенше жағдай режимі енгізілгеннен бері 200-ден астам адам ұсталды. Оның ішінде 28 адам әкімшілік қамауға алынды.

Төтенше жағдай кезінде жалған хабарламалар пайда болды, олар тоқтатылды. Тұрғындардан тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұрайды.

Жалған ақпарат таратудың 3 фактісі анықталды. Барлық факті бойынша қылмыстық істер қозғалды.

«Жалған ақпарат таратуға жол берілмейтіні туралы ескертемін. ТЖ жағдайында ҚР ҚК 274-бабына сәйкес жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Тағы да еске саламын, төтенше жағдай кезінде құқыққа қарсы іс-әрекет жасау жағдайды ауырлататын мән-жай болып саналады және неғұрлым қатаң жауапкершілікке әкеп соғады.

Құрметті тұрғындар, коменданттық сағатты бұзбаңыз, заңға бағыныңыз және тыныштықты сақтаңыз», - делінген елорда комендантының үндеуінде.