Еліміздің біраз өңірінде эпидахуал нашарлап барады

Өткен тәулікте 5 мыңға жуық адам короновирус жұқтырған. Олардың басым бөлігі елордада. Мұнда 3 мың 312 адам вирус жұқтырды. Ал Шымкентте 221 науқас анықталды, деп хабарлайды Хабар 24.

Қазір елорда «қызыл», Шымкент пен Атырау облысы «сары» аймақта тұр. Жығылғанға жұдырық демекші, Алматыда коронавирус қайта өршіді. Бүгін шаһар қауіптің қызыл деңгейіне ойысты. Бір күн ішінде 210 адам вирус жұқтырған. Эпидахуалдың нашарлауынан мегаполисте карантин талаптары күшейтілді. Өйтпеске тағы болмайды. Екі аптаға жетер-жетпес уақыт ішінде 1 мың 400-ден аса адам індеттің ілмегіне ілініп отыр.  Оның 7-уінен әлі толық зерттелмеген омикрон штамы табылды.

Қызылорда облысында тұрғындардың 86 проценті коронавирусқа қарсы екпе алған. Бірақ қауіпті кесел сонда да бой берер емес. Мәселен, өткен айда вирус жұқтырудың тәуліктік есебі үш адам болса, кейінгі апталарда ол 100-ден бір-ақ асып түсті. Әзірге Қызылорда өңірі «сары» аймақ тізімінде.

Айман Жанахаева, Қызылорда облысының санитариялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:

– Сонымен қатар жұқпалылығы бірнеше есеге жоғары омикрон штамының болу ықтималдығы бар деген болжамдар бар мамандар арасында. Сондықтан да коронавирус инфекциясының қауіптілігін төменденту мақсатында барлық тұрғындарға вакцинациялануға және ревакцинациялауға өзінің тұрғылықты мекенжайына, екпе кабинеттеріне барып, екпе алуды кеңес береміз.

Қарағанды облысында да вирус күшіне мінді. Өткен тәулікте 75 науқас тіркелді. Ал ем алып жатқандардың жалпы саны 400-ге жуықтайды. Екі тұрғынның жағдайы аса ауыр деп бағаланып отыр. Өңірде омикрон штабы әзірге  анықтала қойған жоқ. Десе де ахуал күн санап күрделеніп барады. Бүгін облыс «сары» аймақ қатарына қосылды.

Айгүл Шатекова, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми өкілі:

– Облыс бойынша репродуктивті сан бірліктен асып, 1100-ге жетті. 100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттану көрсеткіші 7741 болса, оның ішінде симптомдары бар науқастар 80,5 процент, симптомсыз вирус тасымалдаушылар 19,5 процент болды.

Түркістан облысында да эпидемиологиялық ахуал құбылып тұр. Өңір жасыл аймақта болғанымен, ай басталғалы  аурушаңдық деңгейі күрт өсті. Бір күн ішінде 30 науқасқа дейін тіркеліп отыр. Әсіресе балалар арасында жұқпалы дерт дендеп барады.

Алтын Досанова, облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары:

– Түркістан облысына 1 млн 46 мың доза вакцина жеткізілген. І компонентпен вакцина қабылдағандар 99 процент болды. Яғни 1 044 764 адам бірінші компонентпен қамтылды. Екінші кезең бойынша 1 029 131 адам, яғни 98,4 пайызды құрайды. Бүгінгі таңға 40 952 адам толық үш компонентпен қамтылды.

Қарапайым сақтық шараларын сақтамау жағдайды ушықтырды, дейді мамандар. Сондай-ақ мереке күндері топтасып жүру, қоғамдық орындарда адамның көп шоғырлануы – індетке оңай іліндірді. Осы ретте дәрігерлер халықты жеке бас қауіпсіздігіне мұқият қарап, екпе салдыруға кеңес береді.

Сондай-ақ...