Елімізде бүлікшілерге қарсы арнайы операция жалғасып жатыр

Таразда өткен түні жаппай бүлікке қатысқан 26 адам құрыққа түсті. Күдіктілерден 12 қару тәркіленді. Ал Алматыда ірі дүкенді тонаған адам Атырауда ұсталды. Қазір ел бойынша бүлікшілерге қарсы арнайы операция жалғасып жатыр.

Таразда өткен түні жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 26 адам құрықталды. Тексеру барысында 12 қару тәркіленді. Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, күдіктілерде автомат, Макар тапаншасы, тіпті граната да болған. Қазір аймақта қауіптіліктің қызыл деңгейі сақталып тұр. Блок-бекеттерде көліктер жіті тексеріліп жатыр.

Ал Қызылордадағы блок- бекеттен аса ірі көлемде есірткі өткізбек болған күдікті құрыққа түсті. Оның көлігінен 1,5 келіге жуық «марихуана» табылды. Уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынған азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұдан бөлек, өңірде әлеуметтік желіге арандатушылық сипатта жалған ақпарат таратқан Байқоңыр қаласының тұрғыны ұсталды. Қазір іс сотқа жолданып, күдіктіні 30 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.

Айдос Ақпаев, қалалық ПБ тергеу бөлімі бастығының орынбасары:

– ҚР ҚК 296 бабының 4-бөлігімен аса ірі көлемде есірткі, психотроптық заттарды заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдауға байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Өзге мәліметтер тергеу құпиясын сақтау мақсатында жариялануға жатпайды.

«Алматы-Атырау» пойызымен келген жолаушылардың сөмкесін тексеру барысында 3 азаматтан Алматы қаласындағы «Монами» дүкенінің тауарлары табылды. Ұсталған азаматтар тәркіленген заттарды 5 қаңтар күні болған жаппай тәртіпсіздік кезінде ұрлағандарын мойындаған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Мейірбек Өтеғали, Атырау станциясы ЖПБ Криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы:

– Тексеру барысында Ақтау қаласының 3 тұрғынынан ұрланған заттар анықталды. Яғни, 30 дана әтірсу, 55 дана косметикалық бұйымдар. Аталған іс-шара теміржолдың күзет фирмасы мен ұлттық ұлан әскери бөлімінің қызметкерлерімен жүзеге асырылды.  Аталған факт бойынша ҚР ҚК 191 бабының 3 бөлімі 3 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.

Солтүстік Қазақстан облысында бақылау бекеттерді айланып өтпек болған 4 адам ұсталды. Олар 3 күнге қамалды. Өңірде төтенше жағдайға байланысты коменданттық сағат енгізіліп, көлік қозғалысына шектеу қойылғанын айта кеткен жөн.

Руслан Назаров, облыстық ПД бастығының орынбасары:

– Құқық бұзушылардың барлығы ұсталып, жауапкершілікке тартылды. Олардың төртеуі үш тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Бір құқық бұзушыға әкімшілік айыппұл салынды.

Қазір облыс бойынша 25 өткізу бекеті жұмыс істейді. Тәртіп сақшылары әр көлікті жіті тексереді. Бүгінге дейін түрлі себептермен 500 – ге жуық жүргізуші кері қайтарылған. Бұл ретте полиция қызметкерлері бәріне ортақ ережені қатаң сақтауға кеңес береді.