434,34 496,10 5,64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

ҰҚШҰ әскері маңызды нысандарды күзетіп тұр

  • 41
  • UPD: 13:52, 14.01.2022

Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскері Алматыдағы мемлекеттік және әскери маңызы бар нысандарды күзетіп тұр. Қалалық әуежай, әскери аэродром, әлеуметтік азық-түлік өндіретін кәсіпорындар мен жылу электр орталықтары қорғауға алынған.  

Шаһардағы жылу электр орталықтарының бірін Қырғызстан Республикасынан жеткен әскери құрам күзетіп тұр. Көмекке келген өзге де шетелдік күш құрылымдарының негізгі міндеті - тек стратегиялық нысандарды күзету екенін тағы да еске саламыз. Құрамындағы сарбаздардың жалпы саны 2 мыңнан асады. Олар ертеңнен бастап алдағы 10 күн ішінде елден кезең-кезеңімен шыға бастайды.

Жылыту электр орталығында өрт қауіптілігі аса жоғары екені белгілі. Мәселен, бұл аулада 3 резервуар бар. Әрқайсысында 10 мың тоннадан мазут сақтаулы. Дала кезген оқ тиген жағдайда күллі көкке ұшар еді. Сондықтан қырғыз елінің бітімгерлері 6-қаңтардан бері осында.

Ал қаскөйлерді анықтау және құрықтау немесе жою операцияларына қазақстандық әскерилер ғана қатысып жатыр.

Санжар Балғазин, Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс штабының бастығы:

– Бұл Алматыдағы Мөңке би көшесі. Бассыздық болған кезде өртенген әлгі блокпосттың орны осы. Қалада бүлік шығарған бұзақылардың біразы ұсталды. Бірақ халық арасында жасырынып, көлеңкеде қалғаны қаншама. Міне соларды анықтау жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта көршілерінің күдігі бойынша кісі көп шоғырланған көшелер мен үйжайларды тексеру, бақылауға алу шаралары жалғасып келеді. Шетелдік бітімгерлерге оралсақ. Олардың орталықта көрсетілген жағдайға айтар еш шағымы жоқ. Асханадағы мәзір де көңілдерінен шығыпты.

Алматыдағы жағдай тұрақталғанымен, босаңсуға еш болмайды. Әсіресе мұны блокбекетте тұрған әскерилер жақсы түсінеді. Олар әліптің артын бағып қана қоймай, қалаға кіреберіс жолдарда қауіп туындай қалса, әп сәтте жұмылып, қаскөйлерге тойтарыс беруге сақадай сай. Сондықтан бұл жолы қателік жіберуге ешқайсысының қақы жоқ.

Мирлан Алтынбек, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы